
Елімізде өтіп жатқан мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы аймақтардағы саяси белсенділікті жаңа деңгейге көтерді. Шардара ауданында да бұл саяси дода қызу талқыға түсуде. Аудандық мәслихаттағы 15 мандат үшін 50-ге жуық үміткердің бақ сынауы – өңірдегі саяси бәсекенің жоғары екендігін және халықтың жергілікті өкілді органға деген қызығушылығының артқанын айқын көрсетеді.
Аудан бойынша бекітілген 15 сайлау округінен 15 депутат сайлануы тиіс. Орташа есеппен алғанда, бір мандатқа 3-4 үміткерден келеді. Бұл – саяси бәсекелестіктің нақты көрінісі.
Бұл сайлаудың негізгі ерекшеліктерінің бірі – кандидаттардың саяси ұстанымдары мен партиялық алуан түрлілігі.
Үміткерлер құрамына назар аударсақ, саяси алаңда бірнеше партияның өкілдері белсенділік танытып отыр:
«Әділет» партиясының басымдығы: Үміткерлердің басым бөлігін құрап отырған «Әділет» өкілдері халық арасындағы әлеуметтік әділдік, құқықтық тәртіп пен ашықтық идеологиясын алға тартады. Олардың көптігі партияның жергілікті деңгейдегі ұйымдастырушылық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
«Ауыл» партиясының позициясы: Шардара – негізінен аграрлық өңір, диқандар мен шаруалар мекені. Соңдықтан, «Ауыл» партиясы өкілдерінің бұл додаға түсуі заңды. Су ресурстарын тиімді пайдалану, егіншілік пен мал шаруашылығын қолдау, ауыл инфрақұрылымын дамыту мәселелері, бұл партия өкілдерінің басты сайлауалды бағдарламасы болмақ.
«Ақ жол» партиясының ұмтылысы: Орта және шағын бизнесті, кәсіпкерлікті қолдауды ту еткен «Ақ жол» партиясы да, бұл сайлаудан тыс қалмай, өз кандидаттарын ұсынды. Ауданның экономикалық потенциалын көтеруде кәсіпкерлердің үні мәслихатта естілуі маңызды. Партия өкілдерімен қатар, өзін-өзі ұсынған азаматтардың да болуы сайлаудың демократиялық талаптарға сай өтуіне ықпал етеді.
Шардара ауданының өз ерекшелігі мен қордаланған түйткілді мәселелері бар. Сондықтан, сайланатын 15 депутаттың мойнына артылар жүк жеңіл болмайды. Сайлаушылар жаңа құрамнан ауыл шаруашылығы мен су, инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік саланы дамыту мәселелерін шешуді күтеді.
Халық бос уәдеге емес, нақты іс пен сапалы бағдарламаға, кандидаттың жергілікті мәселелерді каншалықты терең білетіндігіне мән беріп отырғаны анық.
Саяси аламанға ат қосқан азаматтарға сәттілік тілейміз!
«Өскен өңір» – ақпарат.





