Кешегі аптада Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев 47-ші әлем чемпионатында Қазақстан намысын абыроймен қорғаған жерлестерімізбен кездесті.

Әлемнің 67 елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысқан чемпионатта Түркістан облысының қол күресшілері 17 алтын, 6 күміс және 9 қола медаль жеңіп алды. Шардаралық Нұрдәулет Айдархан әлемнің 13 дүркін, Ердәулет Нұрмахан 6 дүркін чемпионы атанып, ел мерейін асқақтатты.

Аудан басшысы чемпиондарды құттықтап, олардың жетістіктері – жылдар бойы қалыптасқан спорт мектебінің, тынымсыз еңбек пен жүйелі қолдаудың нәтижесі екенін атап өтті. Спортшыларға Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды.

Шардара спортының өркендеуіне Арман Романұлы Қарсыбаевтың спортшыларға деген жанашырлығы, қолдауы, жастардың спортпен айналысуына жасалып жатқан мүмкіндіктер мен клубтардың дамуына бағытталған еңбегі зор ықпал етіп келеді. Бұл қолдау талай таланттың танылуына, чемпиондардың қалыптасуына жол ашуда.

Әлемдік ареналарда көк Туымыздың желбіреуі – ортақ мақтаныш. Чемпиондарымызға жаңа жеңістер, ал Шардара спортына толағай табыс тілейміз!

 Өз тілшімізден.