Апта барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Мақашұлы Жұманғарин мен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеров жұмыс сапарымен Шардара ауданына келіп, өңірдегі өндірістік нысандардың қызметімен танысты.

Алдымен делегация Шардара қаласындағы Түгелбаев көшесінің бойында орналасқан шағын өндірістік паркке барып, мұнда жүзеге асырылып жатқан кәсіпкерлік жобалардың жұмысын көрді.

Шағын өндірістік паркке жалпы 530 млн теңге инвестиция тартылып, 31 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Мұнда жұмсақ және корпус жиһаздарын өндіру, құрылысқа қажетті металл бұйымдарын шығару, модульдік үйлер құрастыру, жылыту панельдерін өндіру және ғимараттардың қасбетін безендіруге арналған декор элементтерін шығару бағыттары қолға алынған. Атап айтқанда, жиһаз өндірісіне 180 млн теңге, металл бұйымдарын шығаруға 84 млн теңге, модульдік үйлер құрастыруға 76 млн теңге, жылыту панельдерін өндіруге 97 млн теңге және фасад декор элементтерін шығаруға 93 млн теңге инвестиция бағытталған.

Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысының орынбасары өндірістік парк аумағындағы алты кәсіпкерлік нысанды жеке-жеке аралап, олардың өндірістік бағыттары, қуаттылығы, өнім түрлері және алдағы даму жоспарларымен танысты. Сонымен қатар жергілікті өндірісті дамыту, отандық өнім көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне назар аударылды. Аталған жобалар құрылыс және тұрмыстық қажеттіліктерге арналған өнімдерді аудан аумағында өндіруге, сырттан жеткізілетін тауарларға тәуелділікті азайтуға, шағын және орта бизнесті дамытуға әрі жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жұмыс сапары аясында қонақтар Шардара қаласының индустриялық аймағында орналасқан «Казкрахмал» ЖШС-нің жүгеріні терең өңдеу зауытының ашылу салтанатына қатысып, кәсіпорынның өндірістік қызметімен танысты.

Жалпы құны 35 млрд теңгені құрайтын бұл жоба – ауданның агроөнеркәсіптік және өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған ірі инвестициялық бастама. Қазіргі таңда кәсіпорынға 7 500 тонна жүгері қабылданып, оның 2 500 тоннасы өңделген. Өндіріс орнында 138 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, жүгері сақтауға арналған қоймалардың жалпы сыйымдылығы 30 мың тоннаны құрайды.

Зауыт толық өндірістік қуатына шыққан кезде жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім өндіруге мүмкіндік алады. Олардың қатарында жүгері крахмалы, глюкоза, сірне, мальтоза шәрбаты, жүгері майы және мал азығына қажетті өнімдер бар. Кәсіпорынның өндірістік қуатын кезең-кезеңімен арттыру нәтижесінде алдағы уақытта жұмысшылар санын 550 адамға дейін жеткізу жоспарланған.

Аталған өндіріс орнының басты ерекшелігі – жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде ғана өткізбей, оларды өз өңірімізде терең өңдеп, қосылған құны жоғары дайын өнім өндіруге жол ашуы. Бұл жергілікті шаруалар үшін жүгері өткізудің жаңа нарығын қалыптастырып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары арасындағы өндірістік байланысты нығайтады.

Зауыттың ашылу салтанатында Серік Мақашұлы Жұманғарин мен Нұралхан Оралбайұлы Көшеров жобаның іске қосылуымен құттықтап, оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, кәсіпорын ұжымына сәттілік тілеп, өндірістік қызметті қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізу, белгіленген жобалық міндеттемелерді орындау және өндіріс қуаттылығын жоспарлы түрде арттыру қажеттігіне тоқталды.

Шардара ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар инвестициялық ахуалды жақсартуға, жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және отандық өндірісті дамытуға бағытталған.

Басты мақсат – жергілікті шикізатты өз өңірімізде тиімді пайдаланып, дайын өнім өндіру, жаңа өндіріс орындарын ашу, тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыру және аудан экономикасын әртараптандыру. Өндірістік жобалардың іске асуы Шардара ауданының экономикалық әлеуетін нығайтып қана қоймай, өңірдің индустриялық дамуына, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мүмкіндіктерін кеңейтуге және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға серпін береді.

 Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.