(Көкше төріндегі ұмытылмас күндер)
Қолөнер – тек тұрмыстық бұйымдар жасау ғана емес, ол халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан шаруасы, мәдениеті мен жан дүниесінің көрінісі.
Көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздың талғамы мен дүниетанымы тереңде жатқан теңдессіз ұлттық құндылығы және әрбір өрнегінде тарихтың ізі, әрбір бұйымында ұлттық рухы сайрап жатқан қазақтың дәстүрлі қол-өнері – бүгінгі күнге жеткен сарқылмас қазынасы.
Технология қарыштап дамыған заманда адам жанының жылуы мен қолдың еңбегі сіңген бірегей бұйымдарға – қолөнерге деген сұраныс қайта артып келеді. Бүгінгі таңда қолөнер тек бос уақытты өткізу тәсілі ғана емес, өзін-өзі көрсетудің, эксклюзивті стиль қалыптастырудың және табысты бизнестің де көзіне айналды.
Алайда қазіргі жиһандану заманында қазақтың қолөнерін, оның қажеттілігін, қасиеттерін жас ұрпаққа ұғындыру, үйрету, дәріптеу, насихаттау және аманаттау қазіргі заман зиялыларының, қарияларымыздың, біздей абыз әжелердің еншісінде және басты міндеті деп білемін.
Сондай бір аманат пен міндетті орындау мақсатымен «Қазақ аналары-дәстүрге жол» республикалық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісованың ұйымдастыруымен қазан айында Ақмола облысы, Көкшетау қаласының «Көкшалғын» саябағында «Мың бір көрме» атты республикалық көрме-жәрменкесі өтті. Қазақстанның барлық облыстарынан қолөнершілер қатысқан үлкен іс-шараның куәсі болдым.
Олар өздерінің қолдарынан шыққан отандық өнімдері мен ұлттық қолөнер туындыларын, сонымен бірге заманауи дизайн түріндегі өнімдерін де, ұлттық тағамдардың да түрлерін көрсетіп, шынында нағыз қазақи мың бір көрме-жәрмеңке болды. Тіпті қолөнер бұйымдары мен тағамдар қолжетімді бағада сатылымға да шықты.
Мен осы көрмеге Алатау батыр ауылдық округінің атынан қатыстым. Бұған дейін бес жылдық тарихы бар, жетекшісі қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін, соның ішінде құрақ өнерін халықаралық деңгейде насихаттап жүрген мәдениет жанашыры Нұргүл Абайханның «Аламан құрақ» жобасының Өскемен қаласында өткізілген кезекті халықаралық дәрежедегі этно-фестиваліне «Барқытбел» көрпешем мен «Мың жылқы» жастығыммен қатысқанмын. Сонда қос медальді кеудеме тағынғанмын. «Global Book of Becords» әлемдік рекордтар кітабына ресми түрде енгізілген қолөнер бұйымымды тағы бір ауқымды көрмеде көрсетіп, құрақ өнерінің мәнін, маңыздылығын, құндылығының мәртебесін көпшілікке дәріптеп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қазақтың өнерін паш етіп, насихаттау еді.
Сонымен, көрмеге ерекше ықыласпен, ерекше толқыныспен қатыстық. Сағат 11-де көрменің ашылу салтанаты Ақмола облысы ішкі саясат өкілінің құттықтау сөзімен басталды. Қол-өнершілер көрмесінің табысты өтуіне тілегін білдірді. Ізінше осы іс-шараны ұйымдастырушы Айнұр Жүгінісова да сөз алып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қолөнершілер мен қонақтарға жылы лебізін білдірді. Көрменің мақсаты, қазақтың салт-дәстүрі, соның ішінде қолөнершілер еңбегі туралы айтып өтті. Көрме барысында мәдениет саласы қызметкерлерінің музыкалық ән, би қойылымдары қонақтардың көңіл-күйін көтеріп, рухани жылылық сыйлады. Көкшетау қаласы, «Ақай» сән үйінің жетекшісі Ғалия Серікқызының дайындаған ұлттық нақштағы киім үлгілері, Ақтөбе қаласынан келген Төлеубаева Айгүл Серікқызының заманауи этно-стильдегі «Сырғалым» топтамасы, қазақ әйлдерінің заманауи үлгідегі ұлттық киім үлгілерін көрсетуі көрменің сәнін аша түсті.

Көрмені тамашалауға Көкшетау қаласының тұрғындары мен облыс көлеміндегі қонақтар қатысты. Олар көрмеге деген қызығушылығын көрсетіп, керекті заттарын сатып алып, қолөнер бұйымдарының тарихын сұрап, сұхбаттасып жатты.
Менің «Барқытбел» көрпешем мен «Мың жылқы» жастығым, Шардара ауданындағы «Аламан құрақ» жобасының көшбасшысы Оңласын әжеміздің қолынан шыққан қазақи нақышта тігілген сөмкелер коллекциясы көрмеге қойылып, сатылымға шығарылды.
Бұл көрмеде мені таң қалдырған қолөнер ол – Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, «Малтабар» ауылынан қатысқан Хасанова Гүлнәз Ғалымбекқызының «Сүйектер сөйлейді» тақырыбындағы шығармашылық шеберлігі мен Павлодар облысы «Майқайың» ауылынан келген Байтокина Гаһар Әбілхайырқызының мал сүйектерінің адам өміріне, денсаулығына пайдасы туралы шығармалары болды.
Көрмеде ағаштан жонып, темірден иіп, жіптен тоқып, қағаздан қиып, шимен және сүйекпен әрлеп, пластмассадан ерітіп, теріден илеп, қайыстан жасалған зергерлік бұйымдарды көріп, әдемілігіне таң қаласың! Қазақи нақышта оюлап тігілген, жүннен илеп, бастырып тігілген, қолдан тоқылған ұлттық киімдер көздің жауын аларлықтай сәнді!
Көрменің екінші жағында ұлттық тағамдардың көрме-жәрменкесі өтіп жатты. Онда ұлттық тағамдардың түрлері дәріптелді. Көрме барысында облыстық бұқаралық ақпарат құралдары көрме барысын, барлық өңірден келген қолөнершілерді бұйымдарымен түсіріп, сұхбаттасып жатты. Сәтін салып біз де өз жұмысымыз туралы сұхбат бердік.

Көкшетау бұл іс-шараға үлкен дайындықпен, жауапкершілікпен келгендігі өз нәтижесін беріп отырды. Көкшетау – тек сұлу табиғаттың ғана емес, өнер мен мәдениеттің де бесігі екенін осы екі күндік сапарымызда көрдік те, тамсандық та, таң қалдық та. Көшетаулықтардың қонақжайлылығын, ұлттық мәдениетке деген зор құрметін әрбір іс-қимылдарынан аңғардық. Әсіресе көрменің жоғары деңгейде өтуіне жағдай жасаған, ұйымдастыруына ықпалын тигізген Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Досұлан Айтпаевқа, облыстық ішкі саясат басқармасының өкілі Гүлмира Кәримоваға, облыстық білім басқармасының бастығы Әйгерім Қошановаға, сонымен қоса іс-шараға тікелей мұрындық болған облыстық «Қазақ аналары-дәстүрге жол» қоғамдық республикалық бірлестігінің төрайымы Айгүл Жұмабековаға, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Сыздыков Саят Төлегенұлына ризашылығымыз шексіз, алғысымыз мол.
Негізінен, солтүстік аймақтар туралы айтылғанда көбінесе «орыстанған» деген жаңсақ пікір айтылып жатады. Алайда Көкшетауға барғанымда ол пікірдің бұл өңірден алыстап кеткенін түсіндім.
Көкше өңірі қазақтың ірі тұлғаларын – Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақты дүниеге әкелген мекен. Көкшетау – Абылай хан ордасын тіккен, үш жүздің басын қосқан, сондай-ақ, Кенесарының азаттық күресі өткен жер.
Көкшетаулықтардың қонақжайлылығының тағы бір көрінісін көрмеден кейінгі мейрамханада өткен көрмені қорытындылау кезеңінде сезіндік. Көрмені ұйымдастырушы Айнұр Жүгінісова көрменің өтілуі туралы, жетістіктері жайлы есебі тыңдалды. Барлық өңірлерден келген қолөнершілерге Алғыс хаттар мен «Қазақтың салт-дәстүрі» атты кітапшалар таратылды.
Көрмеден кейінгі сапарымыздың соңы «Бурабай» ұлттық табиғи паркіне саяхатпен жалғасын тапты. Арқаның төрінде орналасқан бұл мекен өзінің кең пейілді, ақжарқын адамдарымен бізді баурап алды. «Ботай-Бурабай» музейі, «Оқжетпес» пен «Жұмбақтастың» асқақ бейнесі, қарағайлы орманның жұпар исі мен мөлдір көлдері бұл саяхатты ұмытылмас естелікке айналдырды. Нағыз қонақжайлылық пен табиғат үйлесімі деген осы шығар!
Осылайша, Көкшетау біздерді өнерімен ғана емес, тұрғындарының ыстық ықласымен де жақындата түсті.
Ақжар Мария Хожамұратқызы,
ардагер ұстаз, Алатау батыр ауылдық округінің
әжелер алқасының төрайымы.




