Жуырда Шымкент қаласында ауыр атлетикадан жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын. Дүбірлі додаға біздің жерлестеріміз де қатысып, кіл мықтының ішінде кім мықты екенін анықтады.

Бабы мен бағы жанған жерлестеріміз өте жоғары нәтиже көрсетті.

Атап айтқанда, Арапбай Нұрасыл 71 кг салмақ дәрежесінде жұлқа көтеруде – 129 кг, серпе көтеруде – 160 кг көтеріп, Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Тағы бір жерлесіміз Тұрғанбай Әлішер 60 кг салмақ дәрежесінде жұлқа көтеруде – 119 кг, серпе көтеруде – 141 кг бағындырып, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын қорғап, чемпион атанды.

Апта барысында аудан әкімі Арман Қарсыбаев ауыр атлетикадан ел мерейін асырған қос саңлақты арнайы қабылдап, оларды жарқын жеңістерімен құттықтады.

Кездесу барысында Арман Романұлы: «Ауданның абыройын асқақтатып, еліміздің намысын қорғап жүрген сендердей спортшылар – өскелең ұрпаққа үлгі. Табандылық пен еңбекқорлықтың, тәртіп пен мақсатқа адалдықтың нақты нәтижесін көрсеттіңдер. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, көк Туымызды жоғары көтере беріңіздер», — деп жылы лебізін білдірді.

Сонымен қатар, аудан әкімі қос чемпионның спорттағы зор жетістіктерін жоғары бағалап, Алғыс хатпен марапаттап, қаржылай сыйлық табыстады. Бұл қолдау спортшыларға жаңа жеңістерге жетуге үлкен серпін беретіні анық.

Кездесу соңында аудан басшысы спортшыларға алғыс айтып, алдағы жарыстарда да, ел абыройын асқақтатып, толағай табыстарға жете берулеріне тілектестік білдірді. 

«Өскен өңір» – ақпарат.