Биылғы 26-29 наурыз күндері аралығында Қарағанды қаласында дзюдо  күресінен кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын. Байрақты бәсекеге біздің жерлестеріміз де қатысып, бақ сынаған болатын. Жарыс қорытындысы бойынша жерлесіміз Серік Темірлан 66 кг салмақ дәрежесінде қарсыластарына дес бермей, айқын басымдықпен ел чемпионы атанды.

Бұл – табандылық пен тынымсыз еңбектің, жігер мен қайсарлықтың жемісі.

Осы орайда, чемпионды және оның жаттықтырушысы Қойбағаров Бекболатпен бірге аудан әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Кездесу барысында жеңімпазға және оның жаттықтырушысына аудан басшысы Алғыс хаттар табыстап, сый-сияпат жасады.

Аудан әкімі Арман Романұлы ел чемпионы Серік Темірланға алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындырып, әлемдік және олимпиадалық додаларда ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды көкке көтеріп, Әнұранымызды шырқата беруіне тілегін білдірді.

Жас спортшымыздың жеңісі – барша ауданымыз үшін зор мақтаныш!

 «Өскен өңір» – ақпарат.