Күні кеше «Шардара Армспорт» клубында тағы бір тарихи белес бағындырылды.

Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің 2026 жылғы 5 мамырдағы №171 бұйрығына сәйкес, ел намысын әлемдік және халықаралық ареналарда абыроймен қорғап жүрген қос саңлағымыз – Талғат Ақтаев пен Ердәулет Нұрмахан «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері» құрметті атағына ие болды.

Бұл жоғары спорттық атақ – спортшылардың ұзақ жылғы қажырлы еңбегі мен табандылығының, ел мерейін асқақ- татқан айтулы жетістіктерінің заңды жемісі. Аталған марапат тек халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанның абыройын көтерген таңдаулы спортшыларға ғана беріледі.

Шардара Армспорт клубы атынан және барша спорт сүйер қауым атынан ел спортының өркендеуіне үлес қосып жүрген қос батырымызды шын жүректен құттықтай отырып, алдағы жарыстарда да толағай табыстар тілейміз!

«Өскен өңір» – ақпарат.