Пандемияның беті қайтып, кішігірім той-томалаққа да рұқсат етіліп, түрлі деңгейдегі іс-шараларды өткізуге мүмкіндік туды.

Соның нәтижесінде, биыл «Қала күнін» атап өту апта бойы жалғасып, қала халқын қуанышқа кенелтті.

Соның бірі сейсенбіде «Аэропорт» алаңында өткізілген жасөспірімдер арасындағы екі жарым шақырымдық марафон. Оған аудан мектептерінен екі жүзден астам желаяқ жасөспірімдер қатысты.

Жарыс басталар алдында қала әкімі Ережеп Бекет жарысқа қатысушы жасөспірімдерді қала күнімен құттықтап, бәріне жарыста сәттілік тілеп, спорттың денсаулық кепілі екендігіне тоқталды. Салауатты өмір салтын ұстануы әркімнің күнделікті міндеті болуы керектігін айтып өтті.

Марафон жарысында белгіленген қашықтықты 3,49 минутта жүгіріп өткен Бексұлтан Асқаров жасөспірім ұлдар арасында бірінші орынның жеңімпазы болды. Екінші орынды Жолмамбет Әли, үшінші орынды Тұрсынбай Ақарыс иемденді. Жасөспірім қыздар арасында Әлия Жамантай желаяқ атанып, бірінші орынның жеңімпазы атанды. Ермекбай Ұлғаным мен Тілеухан Нұрбибі екінші, үшінші орындарды бөлісті.

Жеңімпаздарды қала әкімі Ережеп Бекет дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапаттап, олардың алдағы кезде де жетістіктерге жете берулеріне тілектестігін білдірді.

                                                                                                     Өз тілшімізден.