Мамырдың 13-15 күндері аралығында Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында самбодан 2006-2007 жылы туылған жасөспірімдер арасында Түркістан облысының чемпионаты өтті.
Аталған чемпионатқа біздің жас спортшыларымыз қатысып, қатарластарымен бақ сынасты. Осы жарыста жерлестеріміз 1 алтын, 1 күміс, 4 қола медальды қанжығаларына байлады.
Атап айтар болсақ +88 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Ануарбек Нұрмұхаммед қарсылас шыдатпай, алтыннан алқа тағынды. Ал, 49 кг салмақтағы Тәңірберген Мейіржан күміспен күптелсе, Нұрсағат Батырхан (53 кг), Нұрманов Қанатбек (58 кг), Жанғазиев Ахат (64 кг) және Сәрсенбек Таймас (71 кг) қола медальды еншіледі.
Шағалалы өлкенің намысын арқалап барған спортшыларды және жаттықтырушыларын жетістіктерімен құттықтай отыра, алдағы ел чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінулерін тілейміз!
Өз тілшімізден.