Соңғы кезде шардаралық боксшы қыздардың бағы жанып тұр. «Тіл-көзіміз – тасқа» деп қоялық.
Мамыр айының 13-23 күндері аралығында Франция мемлекетінің Нормандия қаласында бокстан XIX Әлемдік гимназиада ойындары өтті. Осы әлемдік додаға жерлесіміз, Азияның екі дүркін чемпионы Ұлжан Сәрсенбек те қатысып, бақ сынады. Ұлжан жартылай финалда Тайпей елінің спортшы қызын ойсырата жеңіп, ақтық сында алаң иелері – Франция елінің спортшысын айқын басымдықпен ұтты. Бабы мен бағы қатар жанып тұрған Ұлжан Франция төрінде көк туымызды көкке көтеріп, Әнұранымызды шырқатты.
Мамыр айының 8-21 аралығында Түркияның Стамбул қаласында бокстан әйелдер арасында Әлем чемпионаты болып өтті. Әлемнің 84 мемлекетінен 400-ге жуық былғары қолғап шеберлері қатысқан байрақты бәсекеде Қазақстан қоржынында 1 күміс, 4 қола медаль түсті. Аталған додада жерлесіміз Жайна Шекербекова 52 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған болатын.
Нәтижесінде Жайна Шекербекова қола жүлдені еншіледі.
Жеңіске жеткен спортшыларымызды жетістіктерімен құтықтай отырып, байрақты бәскелерінде топ жаруларына тілектеспіз!
Бекжұма Матжанұлы.