Аудандық “Спорт кешенiнде” Ұлттық және бұқаралық спортты дамыту арқылы салауатты өмiр салтын насихаттау мақсатында дзюдо, таэквондо, қазақ күресi,

грек-рим спорт түрлерiнен жылды қорытындылауға арналған аудандық “Шардара кубогы” спортакиядасының ашылу салтанатына аудан әкiмi Қайрат Жолдыбайұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледi.

Жерлестерiмiз, халықаралық додаларда топ жарып, көк туымызды көкке көтерiп, ауданымыздың әлеуметтiк-экономикалық дамуына үлес қосқан бiрқатар спортшыларды “Шардара ауданына 55 жыл” мерекелiк төсбелгiсiмен марапаттады. Самбодан ардагерлер арасында өткен Кипрдегi әлем чемпионатының жеңiмпазы Мұсырманқұл Дәуренов, грэплингтен әлем чемпионатының жүлдегерi Бақдаулет Абызов, армрестлингтан екi дүркiн әлем чемпионы Мағжан Шамиев, қазақ күресiнен әлем чемпионы Ерсұлтан Мұзаппаровтар осындай марапат иелерi атанды. Бiрiккен Араб Әмiрлiгiнде бокстан өткен Азия чемпионатында жеңiмпаз атанып, Қазақстан Республикасының “Спорт шеберi” спорттық атағын иеленген Роман Диярға “Спорт шеберi” төс белгiсiн табыс еттi. Сол сияқты аудан бойынша 2019 жылғы жетiстiктерi үшiн 10 “Үздiк спортшы” және 10 “Үздiк жаттықтырушы” атанған спортшылар аудан әкiмiнiң Алғыс хаттары мен естелiк сыйлықтарымен марапатталды.

Ауданымыздың ауыл округтерiнен келген командалар арасындағы сайыста “Шардара кубогының” жеңiмпаздары анықталды. Жас балуандар боз кiлемде белдесiп, қазақ күресiнен командалық есепте Достық ауылы бiрiншi, Ұзыната ауылы екiншi, ал үшiншi орынды Шардара командасы иелендi. Дзюдо спортынан Қоссейт ауылы бiрiншi, Ұзыната ауылы екiншi, Достық ауылы үшiншi орынды қанағат тұтты.                                 

    Өз тiлшiмiзден.