Шiлде айының 1-4 күндерi аралығында Қырғызстан астанасы Бiшкек қаласында гiр спортынан әлем чемпионаты өткен болатын. Әлемдегi ең мықты спортшылар жиналған чемпионатта Шардара ауданының құрыш бiлектi спортшылары топ жарып, елiмiздiң Әнұранын 5 рет шырқатып, көк туымызды көкке желбiреттi. Алтыннан алқа тағынғандар – Е.Келдiбаев, С.Зұлпыхар, М.Маханбет, И.Бақыт, Б.Шынтановтар. Жерлестерiмiз осы жарыста тағы 5 күмiс, 1 қола алқаны қанжығаларына байлады. Сонымен шардаралық Әлем чемпиондарының ұзын саны 90-ға жеттi!
Мұнан бөлек Айзере Әбдiрасыл есiмдi қызымыз каратэден Қырғызстанда өткен Азия бiрiншiлiгiнде алтыннан алқа тағынды. Кеше аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай аттары аталған жеңiмпаздарды арнайы қабылдап, сый-сияпат табыс еттi. Сонымен қатар аудандық мәслихат хатшысы Арман Қарсыбаев та елге оралған чемпиондарымызды құрметпен қарсы алып, аудандық мәслихат хатшысының Алғыс хаттарымен марапаттап, естелiк сыйлықтар табыстады.
Жүлделi орындардан көрiнген спортшыларымызды және жаттықтырушыларын жеңiстерiмен құттықтай келе, алдағы үлкен жарыстарда да топ жаруын тiлеймiз!
Б.Нарбай.