Өткен апта шардаралық спортшылар үшін жеңіске толы апта болды. Тарата айтсақ, белбеу күресінен Өзбекстан елінің Наманган қаласында өткен Әлем чемпионатында жерлесіміз Қайсар Шамшидинов барлық қарсыласының жауырынын жер иіскетіп, алтыннан алқа тағынды.
Оның ізінше Өзбекстан елінің Бұхара қаласында өткен джиу-джитсу комбат спортынан Мекенбай Мұса есімді бауырымыз қарсыластарын қақырата ұтып, Азия чемпионы атанды. Мұнан соң Моңғолия елінің Ұлан-Батыр қаласында пауэрлифтинг спортынан жасөспірімдер арасында Азия чемпионатында жерлесіміз Арман Тойлыбай алтын алып, қуанышымызды еселей түсті.
Апта барысында аудан басшысы Қайрат Жолдыбай Шардараның ғана емес, күллі Қазақстанның атын асқақтатқан сайыпқыран спортшыларды арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
«Сіздерді тағы да жарқын жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Әлем және Азия құрлығында ауданымыздың атынан барып, еліміздің абыройын қорғап, чемпион атандыңыздар. Бұл ең алдымен қажырлы еңбектің және тәжірибелі жаттықтырушылардың арқасы деп білемін. Өйткені спортшының рухани және физикалық тұрғыдан кемел болуы жеңіске жетелейді. Бойында биік те өршіл рухы бар сіздердей батыр жас ұрпақтар өсіп келе жатқанына шынайы ризамын» – деді Қ.Жолдыбай.
Аудан әкімі спортшыларға ыстық лебізін білдіре отырып, Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады.
Мерейімізді асырған спортшыларды аудандық мәслихат хатшысы, белгілі спортшы Арман Қарсыбаев та арнайы қабылдап, сый-құрмет көрсетті.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.