Ауданымызда қазақ күресiнiң дамуына ерекше үлесiн қосып жүрген белгiлi бапкер Мұсырманқұл Дәуреновтiң есiмi жұртшылыққа кеңiнен таныс.
Басқаны былай қойғанда, қазақ күресiнен әлем чемпионы, бiрнеше рет Евразия және Әлем барысы атақтарын жеңiп алған Ерсұлтан Мұзаппаровтай палуанды тәрбиелеп шығарған бiлiктi бапкердiң еңбегiн қалай мақтасақ та жарасады. Бапкердiң еңбегiне жуырда жоғары атақ берiлдi.
Атап айтар болсақ, Мұсырманқұл Пардабайұлы Дәуреновке бұқаралық спорттың дамуына айрықша үлес қосқаны үшiн Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлiгiне қарасты Спорт және дене шынықтыру iстерi комитетiнiң «Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген жаттықтырушысы» атағы берiлдi.
Кешегi апта соңында қаладағы Спорт кешенiнде Мұсырманқұл Дәуреновтiң жүлдесiне арналған қазақ күресiнен 2003-2004 жылы туылған жасөспiрiмдер арасында Шардара ауданының ашық бiрiншiлiгi өткiзiлдi. Салтанатты шараның ашылуы кезiнде құттықтау сөз сөйлеген аудан әкiмiнiң орынбасары Бауыржан Шомпиев Мұсырманқұл Пардабайұлының спорт саласына сiңiрген еңбегiне айрықша тоқталып өттi. Мұнан соң әйгiлi бапкерге «Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген жаттықтырушысы» атағының куәлiгiн салтанатты түрде табыс еттi. Сондай-ақ, салтанатты шара үстiнде Бауыржан Қуанышбайұлы Мұсырманқұл Дәуреновке аудан әкiмi Қайрат Жолдыбайдың, Түркiстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаевтың, Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлiбек Нұртаевтың, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлiгiнiң Спорт және дене шынықтыру iстерi комитетiнiң төрағасы Серiк Сәпиевтiң аттарынан Алғыс хаттар мен құттықтауларын да тапсырды.
Ауданның ашық бiрiншiлiгiне Түркiстан және Қызылорда облыстарының, Шымкент қаласы мен Шардара ауданының спортшылары қатысып, 8 салмақ дәрежесi бойынша боз кiлем үстiнде бақ сынасты.
Жарыс соңында жауырындары жерге тимеген жеңiмпаз палуандар грамота, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аудан әкiмiнiң баспасөз қызметi.