Қаладағы орталық стадионда 20-23 ақпан күндерi Ұлы Отан соғысы жеңiсiнiң 75 жылдығына орай волейболдан 2003-2004 және 2005-2006 жылы туылған жасөспiрiм қыздар арасында 2020 жылғы Түркiстан облысының чемпионаты өттi.

Жарысты аудан әкiмiнiң орынбасары Ағатай Тәженов құттықтау сөзбен ашып, Сарыағаш ауданының спорт шеберi, волейболдан спорт шеберлiгiне үмiткер Бекжан Торғаев жас спортшыларға жеңiс тұғырынан көрiнулерiне сәттiлiк тiлеп, осы жарыс нәтижесi бойынша жеңiмпаз команда iрiктелiп, республикалық чемпионатқа қатысатындығын айтып өттi.

Ойынды алғаш бастаған бәйдiбектiк және арыстық волейболшы қыздар арасындағы бәсекелесте бәйдiбектiк команда басым түстi. Жалпы 22 команда қатысқан жарыстың қорытындысында 2003-2004 жылы туылған қыздар арасында Қазығұрт командасы бiрiншi, Шардара командасы екiншi, ал үшiншi орынды Сайрам ауданы командасы иелендi. “Үздiк ойыншы” номинациясымен Қалдыбек Диана, “Көрермен көзайымы” номинациясымен Камал Әдемi марапатталды.

2005-2006 жылы туылған жасөспiрiм қыздар арасындағы бәсекеде Шардара командасы бiрiншi орынның жеңiмпазы болып, облыста алтыншы рет чемпион атанды. Екiншi, үшiншi орындарды Отырар және Түркiстан командалары бөлiстi. “Үздiк ойыншы” номинациясы-мен Жарылқап Анар, “Көрермен көзайымы” номинациясымен Азирова Айдай марапатталды. Жаттықтырушылары Қалдаров Еркiн мен Айнабеков Нұрғали.

Сол сияқты осы күндерi Түркiстан қаласында Ұлы Отан соғысы жеңiсiнiң 75 жылдығына орай волейболдан 2003-2004 және 2007-2008 жылы туылған жасөспiрiм ұлдар арасындағы 2020 жылғы Түркiстан облысының чемпионаты өттi. Аталған жарысқа Шардара аудандық №1 балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектебiнiң жаттықтырушылары Айдаров Әджаппар мен Мырзабеков Олжас волейболшыларды бастап барды. Алғашқы ойын өрнегiн көрсеткен 2003-2004 жылы туылған ұлдарымыз ақтық сынға дейiн жетiп, жүлделi екiншi орынды  еншiлесе, 2007-2008 жылы туылған ұлдарымыз финалда Түркiстан командасынан басым түсiп, бiрiншi орынды иелендi. Осы жарыста Анарбай Ербол мен Олжабек Олжас “Үздiк ойыншы” номинациясына ие болды.

Жеңiске жеткен жерлестерiмiздi жеңiсiмен құттықтап, алдағы уақыттарда биiк белестердi бағындыра берiңдер деген тiлектестiгiмiздi бiлдiремiз.

Ж.СЕЙДУӘЛИЕВ.