Сәуір айының соңы мен мамыр айының алғашқы күндерінде Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай-Аджман қаласында армрестлингтен XXI Азия чемпионаты өтті. Аталған чемпионатқа Азия құрлығының түкпір-түкпірінен кіл мықты қол күрес шеберлері жиналды. Аталған сайысқа «Шардара Армспорт» клубының спортшылары Қазақстан ұлттық құрамасы атынан сынға түсті.

Европа мен Азияны ғана емес, әлемді мойындатқан жерлестеріміз бұл жолы да қарсылас шақ келтірмей, қазақ елінің абыройын тағы да асқақтатты.

Азия чемпионатында жас жеткіншектер арасында Нұғман Әділбек, Қожабек Бекнұр, Маманияз Жасурбек, Алдан Нұрсұлтан, Мелдебек Болат, Әбсаттар Нұрисламдар алтыннан алқа тағынды. 

Жасөспірімдер арасында Ибрагим Әділет, Бекхан Нұрислам, Рим Бекарыс, Мансұр Мұқағали, Тұрғанбек Тұрарбек, Полат Ермахандар чемпион атанды.

Жастар арасында Ахметов Қуандық пен Бекжігіт Асылжан, ересектер арасында Рүстембеков Жарылқасын, Нұрмахан Ердаулет, Ерсайын Мейрамбек, Басымбек Нұрболат, Айтбек Бекет, Роман Даниярлар ешкімді шақ келтірмеді.

Командалық есепте 1-орынды Қазақстан құрамасы, 2-орынды Иран құрамасы, 3-орынды Қырғыз құрамасы иеленді.

Барша жеңіс тұғырынан көрінген жерлестерімізді жеңістерімен құттықтай келе, әлем біріншілігінде де топ жаруларына тілектестік білдіреміз.

«Өскен өңір» – ақпарат.