Түркия елінің Стамбул қаласында қол күресінен «East vs West 7» турнирі өтті. Қол күресінен әлемнің үздіктері жиналған айтулы додада шардаралық Қыдырғали Оңғарбаев ел намысын абыроймен қорғады.

Турнирдің ең маңызды жекпе-жегінің бірі Қыдырғали мен Грузия елінің спортшысы Иракли Зиракашвили арасында өткен болатын. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген шардаралық спортшы 3:0 есебімен жеңіске жетіп, қазақ елінің абыройын асқақтатты. Осылайша 105 келі салмақта чемпиондық титулын тағы да асқақтатты.

«Шардара Армспорт» спорт клубының спортшысы былтыр Түркияда өткен турнирде АҚШ-тың атақты спортшысы, әлемнің 26 дүркін чемпионы Джон Брзенкті 3:1 есебімен жеңген еді. Өз салмағының чемпионы болған 28 жастағы Қыдырғалиға алдағы уақытта қарсыластар тарапынан жаңа келіссөздер мен ұсыныстар түсері сөзсіз.

Еске сала кетсек, Қыдырғали Оңғарбаев – даңқты бапкер Арман Қарсыбаевтың шәкірті. 1994 жылы Шардара ауданында туған. Ауыр салмақта Қазақстан мен Азияның абсолютті жеңімпазы, Әлем кубогының иегері және әлем чемпионы.

«Өскен өңір» – ақпарат.