Маусым айының 18-і күні Шардара қаласындағы Спорт кешенінде таэквондо ITF спортынан Түркістан облысы чемпионаты өз мәресіне жетті.
Аталған жарысқа облысымыздың түкпір-түкпірінен келген спортшылар қатысып, өз бақтарын сынады. Жарыстың ашылу салтанатында аудандық мәслихат төрағасы Қарсыбаев Арман Романұлы сөз алып, таэквондо спортының ауданымызда қарқынды дамып келе жатқанын айтып, жарысты ашық деп жариялады. Мұнан соң сөз алған Түркістан облысы таэквондо ITF федерациясының президенті Қамытбаев Айдын Сыпабекұлы өзінің ақ тілегін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Дүбірлі додаға қатысушылар барлық салмақ бойынша бақтарын сынап, өзара мықтыларды анықтады. Біздің жерлестеріміз 10 алтын, 10 күміс, 11 қола иеленіп, командалық есепте бірінші орын алды.
Жарыс қорытындысы бойынша І-орынды Шардара ауданы, ІІ-орынды Түркістан қаласы, ІІІ-орынды Ордабасы ауданы командасы иеленді. Жарыс соңында жеңімпаз командаларға арнайы медаль, кубоктар және сыйлықтар табыс етілді.
Өз тілшімізден.