Таяуда ауданымызда алғаш рет грек-рим күресiнен 2005-2006 жылы туылған жасөспiрiмдер арасында Қазақстан чемпионаты болып өттi.
Бас-аяғы үш күнге созылған жарысқа елiмiздiң түпкiр-түпкiрiнен 25 команда келiп, 500-ге жуық спортшы жиналды. Ел чемпионаты-ның салтанатты ашылуында аудан әкiмiнiң орынбасары Бауыржан Шомпиев алғаш сөз алып, шараға келген бүкiл спортшыларға сәттiлiк тiледi. Сонымен қатар, ҚР еңбегi сiңген ардагер спортшы Бақыт Жаңбырбаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Айтжан Бердешов және грек-рим күресiнен ҚР ұлттық құрама командасының жетекшiсi Абылайхан Қылышбаевтар сөз сөйледi. Шара барысында, осынау спорт саласының дамуына үлес қосқан ардагер спортшылар мен спорт саласына еңбегi сiңген белгiлi азаматтар облыстық спорт басқармасының және аудан әкiмiнiң арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды.
Үш күнге созылған тартысты бәсеке қорытындысы бойынша, Алматы облысы III орынды, Ақтөбе облысы II орынды, Түркiстан облысының командасы I орынды жеңiп алды.
Р.ЕРҒАЛИҰЛЫ.