Кешегі аптаның ішінде Шардара қаласында бокстан 2005-2006 жылы туған жастар және 2007-2008 жылы туған жасөспірім қыздар арасында ІІ-халықаралық «Шардара кубогы» жарысы өтті.
Байрақты бәсекеге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерімен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінен келген былғары қолғап шеберлері Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетті. Қазақстан құрамасы сапында жерлесіміз Ұлжан Сәрсенбек ел намысын қорғады.
Дүбірлі доданың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев қатысып, Шардара ауданында спорт саласы қарқынды дамып отырғанын мақтанышпен айтып, байрақты бәсекеге қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қыркүйектің 14-іне шымылдығын түрген турнир 17-сіне өз мәресіне жетті.
Осы жарыста 57 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған шардаралық Ұлжан Сәрсенбек (суретте ортада)қарсылас шақ келтірмей алтыннан алқа тағынды, сонымен қатар жарыстың «Үздік спортшысы» атағын жеңіп алды. Естеріңізге сала кетейік, Ұлжан бұған дейін Азияның екі дүркін чемпионы атанған.
Жерлестерімізге жеңіс құтты болсын дей отырып, келешекте Ұлжанның Олимпиада ойындарына қатысуына тілектестік білдіреміз.
Өз тілшімізден.