Түркістан облысында қазақ күресінен аламан дода аяқталды. Қазақтың дара перзенті, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған қазақ күресінен ересектер арасындағы Азия кубогы сайысы өз мәресіне жетті.
Дүбірлі бәсекеге Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркістан облысының ең мықты деген балуандары қатысып, күрестің көркін қыздырды.
Жарыстың алғашқы күнінде қазақ күресі шеберлері 5 салмақ дәрежесінде белдессе, екінші күні 3 салмақ дәрежесімен қатар «Түйе балуан» бәсекесінің де жеңімпазы анықталды. Жалпы 8 салмақ дәрежесінде ең талантты деген 150 балуан күресті. Өзбекстан мен Қытай, Тәжікстан, Қазақстан елдерінің ең апайтөс, жауырынды, намысшыл саңлақтары бас қосып, өзара шеберліктерін көрсетті.
Аса тартысты өткен «Түйе балуандар» сайысында Қазақстанның намысын қорғаған Түркістан облысының дарынды спортшысы, жерлесіміз Қайсар Шамшидиновке тең келер балуан болмады. Сондай-ақ барлық қарсыластарын тізе бүктірген «Түйе балуан» Қайсар Шамшидиновке «Нива» автокөлігінің кілті табысталды.
Жеңіс құтты болсын, жерлестер!
«Өскен өңір» – ақпарат.