Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысының Жолдауын ауданның Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков және бірқатар еңбек ардагерлері тікелей эфир арқылы тыңдады.
Президент сөзінің басында Парламент өткен сессияда 102 заң қабылданғанын атап өтті. Олардың қатарында қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске, ғылым және технология саясатына, жылу энергетикасына қатысты және басқа да заңдар бар. Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік салаға, соның ішінде балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінген. Президент халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынғанына назар аударып, арқаны кеңге салуға болмайтынын, алдымызда әлі талай ауқымды жұмыс тұрғанын айтты.
«Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» – деді мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Елімізде келешекте болатын энергия тапшылығын болдырмау, экологияны сақтау, экономикалық өсім, тағы басқа тұрғыда орасан зор пайда әкелетін бұл мәселенің оң шешілетініне аудан ардагерлері сенімді.
«Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының Жолдауын соңына дейін тыңдаған аудан ардагерлері ендігі жерде Президент Жолдауына қолдау білдіру үшін насихат жұмыстарына кірісетіндерін жеткізді.
Өз тілшімізден.