Кешегі аптада Қарттар күніне орай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков еңбек жолын бұрынғы астық қабылдау мекемесінде өткерген, жасы 75-ті алқымдаған Тілегенова Қалдан Төлегенқызын арнайы қабылдап, құттықтады.
Қалдан апамыз 1949 жылы туылған. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының соңында Тілегенов Күзенбай ақсақалдың шаңырағына келін болып түскен. Жұбайы Тілегенов Сексенбай да ауданымыздың әлеуметтік дамуы жолында аянбай еңбек еткен.
Қалдан апа 1980 жылы бұрынға астық қабылдау мекемесіне жұмысшы болып қабылданып, зейнеткерлікке шыққанша табан аудармай сол мекемеде еңбек етті. Мекеме тарапынан бірнеше грамоталармен марапатталған.
Апамыз өнерден де құр алақан емес. Аудандық әжелер сайысында бас жүлде алып, Ташкент қаласына саяхаттап келді. КТК телеарнасының «Келіңдер, ән шырқайық» бағдарламасында да Бас жүлде алған.
Жасы 70-тің жотасынан асса да белсенді қалпынан танбаған Қалдан апаға зор денсаулық тілейміз.
Өз тілшімізден.