(Шардара тыңының ардагері Мырзабай Мошқаловтың әкелік қасиеті туралы) 

Әке – асқар   тау. Әрбір бала үшін әкенің орны бөлек. Ол – отбасының  тірегі, перзентіне өмірлік бағыт-бағдар беруші. Әке – өмір мектебінің ұстазы. «Тілеулестер» чатында кезекті тақырып әкеге арналды.

Өзгелер сияқты Бейбіт  те әкесі туралы құрметпен, ізгілікпен еске алды. «Бала күнімнен әкемнің мейірімі мен қамқорлығын сезініп өстім. Оның әрбір сөзі мен ісі мен үшін өмірлік ғибратты сабақ» дейді. Шынында әке тағылым-тәрбиесі  балаға өмірлік азық.  Мырзабай ағаның бұл бағыттағы өнегелі ісі жетерлік. «Ұл өсірсең – азаматты тәрбиелейсің, қыз өсірсең – ұлтты тәрбиелейсің» деген қағиданы басшылыққа алған. Бала кезден «ұлдың өзіндік жолы бар» деп, оларды  қара жұмысқа, мал союға, аңшылыққа, спортқа баулыған. «Әрбір адам жауапкершілікті болу керек. Адам болу үшін білім алыңдар, білімді азаматтың мерейі үстем» – деген әкесі Мырзабай Мошқалұлының сөзі жадынан шыққан емес.

Наурыз ұлттық қасиеттерді бойға сіңіріп, ізгілік пен парасаттылыққа, ұрпақ тәрбиесіне ден қоятын мереке болғандықтан бүгін сол өнегелі әке туралы таныстыруды жөн деп таптық. Мырзабай Мошқалұлы кім?

Мырзабай аға 1946 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Келес ауданы, «Абай» кеңшарында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Алматыдағы Қазақ политехникалық институтын бітірген, мамандығы инженер металург.  Еңбек жолын  Шымкент қаласындағы қорғасын пресс автомат зауытында шебер болып бастаған. Әскер қатарына офицер ретінде шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген. Шардара қаласындағы №110 кәсіптік-техникалық училищеде әскери дайындық оқытушысы, одан соң  Шардара аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінде нұсқаушы болған.

Іскерлігімен, еңбекқорлығымен көзге түскен Мырзабай Мошқалұлы 1975-1981 жылдар аралығында аудандық партия комитетінің «Өндіріс және құрылыс» бөліміне басшылық жасаған. 1981 жылдан 1992 жылдар аралығында халық депутаттары Шардара аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған. Өз ісіне тындырымды, білімді, еңбекқор, жауапкершілігі мол азамат Шардара автокөлік кәсіпорынын да басқарады. Зейнеткерлікке  дейін талай жауапкершіліктегі жұмыстың ортасында жүріп, 63 жасында  2009 жылы абыроймен құрмет демалысына шығады. Қысқасы өндіріс, құрылыс, автокөлік, энергетика саласындағы түрлі мекемелерге басшылық жасап, Қызылқұм өңірін игеруде елеулі еңбегімен танылған.

М.Мошқалұлы Шардара ауданының және Шардара қаласының өндірістік экономикалық дамуына, күріш және мақта кеңшарларының құрылуына, тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың, аурухана, мектеп, балабақшалар, жол, ауыз су және күрделі құрылыс салуға белсене араласқан. Бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты болып сайланған, «Тыңға 50 жыл» медалімен марапатталған.

Халық игілігі, түрлі саладағы елеулі еңбегі үшін Мырзабай Мошқалұлына 2010 жылы «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Мырзабай ағамыз зейнеткерлікке шыққан соң да  ел ағасы ретінде ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. 2019 жылы 73 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Жиырма үш жасында 1969 жылы Анар атты арумен отбасын құрды. Жұбайы Анар Бәкірқызы Сарыағаш ауданы, Тегісшіл ауылында 1948 жылы дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойында адам жанының арашашысы – дәрігер болып, Шардара аудандық ауруханасында жұмыс істеп, қазір зейнеткерлік демалысында. Өнегелі отбасы 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан өрбіген 22 немере, 4 шөбере бар.

Осындай аяулы әкеден бес перзент дүниеге келіп, олар өмірден өз орнын тапқан. Үлкен ұлы Бейбіт 54 жаста,  «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің директоры қызметінде. Одан кейінгі ұлы Марат 52 жаста, дәрігер, онкология ауруханасында бөлім басшысы. Үшінші ұлы Мақсат 48 жаста, заңгер, Сарыағаш ауданының прокуроры. Кіші ұлы Қанат 44 жаста, экономист, Шардара ауданында спорт мектебінде спорт жаттықтырушысы. Перзенттерінің кенжесі Гүлбану 38 жаста, ағылшын тілі маманы, Шардарадағы «Жастар орталығында» әдіскер қызметінде.

Әке ұстанымы – адал,  таза болу,  ойланып сөйлеу, барыңмен бөлісу, досқа адалдық, уәдеде тұру, көпшіл болу.

Қонағын, құдасын, көршісін, достарын құдайындай күткен. Өзінің барша інілері мен қарындастарының білім алуын, үйлі-жайлы болуын қамтамасыз еткен. Жұбайына әйел әрі ана ретінде құрметпен қарап, баянды ғұмыр кешкен. Ал мінезі қарапайым және әділетті болған. Шардарада аудандық  газетте, кейіннен «Оңтүстік Қазақстан» газетінде  бас редактор болған Кәрім Үкібаев пен Мырзабай Мошқалұлының екеуінің достығына, сыйластығына мысал келтіруге болады. Екеуінің бойындағы көркем мінезі, үлкенге құрметі, кішіге деген ізеті, еңбекқорлығы, көпшілікке қамқор болуы бір-бірін толықтырып, жиі іздеуі балаларына да үлгі-өнеге бола білді.

Әке қасиеті неде? Мырзабай ағамыз таңның атысы, күннің батысы жұмыста жүрсе де отбасына күлімдеп кіретіндігі. Ешуақытта «шаршадым, ауырдым» деген сөзді айтпайтындығында. Бәрінен де балаларын еңбекқорлыққа, шыншылдық пен адалдыққа тәрбиелеуі. Бала көкірегіне құйып, «Адал да шыншыл болыңдар. Адалдық – адам мерейін өсіреді» деп зердесіне жеткізуі білуі. Мырзабай ағаның әке ретінде артына қалдырған мұрасы – еңбекке деген сүйіспеншілік, жауапкершілік пен адалдық. Қандай істі қолға алса да бірінші кезекте жауапкершілікті, қиындық кездессе шыдамдылықты үйретуі. Перзенттерінің бойында да осы қасиет қалыптасты.

Әкім ЫСҚАҚ,

ақын, әуесқой сазгер, бірнеше жинақтардың авторы,

Қазақстан парламентаризмінде тұңғыш қазақ тілінде жазылған

«Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы.