Е.Ағманов Шымкент педагогика институтында 1997 жылға дейін көп уақыт жемісті жұмыстар атқарды.

Ұзақ уақыт толайым тарихы бар жоғары оқу орнындағы жұмысында сатылай жүріп аға оқытушылықтан қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болды. Мұнан соң декан орынбасары, дайындық бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. 1970 жылы доцент атағына ие болды. 1992 жылы профессор деген атаққа қол жеткізді.

Шардарада еңбек етіп, одан кейінгі жылдардағы қызметін үлкен қалаларда жалғастырған танымал тұлғалар аз емес. Олардың әртүрлі салаларда атқарған абыройлы істері бұл күндері шардаралықтар үшін мақтаныш болып мәңгі есте қалды. Сондай абзал азаматтың бірі және танымал ғалым болған зиялы жан – Егемберді Ағманұлы Ағманов еді.

Бұл кісінің Шардара ауданында атқарған қызметі тек білім беру саласымен тікелей байланысты болды. Сонымен бірге ол кісі қаладағы Шардара қазақ орта мектебінің тұңғыш директоры және заманауи үлгідегі мектеп ғимаратын салуға үлкен ықпал еткенін айтуға әбден тиіспіз.

Бұл ғимарат бұл күндері де ауданымыздағы «Саз мектебі» ретінде көпшілікке қалтқысыз қызмет етуде. Қазіргі күндері «Шардара мектеп-лицейі» атауымен өзге ғимаратта жұмыс атқарып жатқан бұл білім ұясының тарихы өз алдына бір төбе. 

Мұнан кейін Е.Ағманов ұстаздық қызметін үлкен ғылыми ортада жалғастырып, түбегейлі ғылымға бет бұрды.

Жалпы филолог-ғалым Егемберді Ағманов 1932 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданында колхозшының отбасында дүниеге келген. 1949 жылы Ленин атындағы орта мектепті бітіріп, С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. 1954 жылы аталған жоғары оқу орнын үздік аяқтап, диплом алады. Алғашқы еңбек жолын қатардағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастайды. Жоғарыда атап өткеніміздей Е.Ағманұлы Шардара орта мектебін 1959-1961 жылдар аралығында басқарды. Кейіннен 1961-1964 жылдар аралығында Шымкент педагогика институты аспирантурасында оқып, оны үздіктер қатарында тәмамдады. Мұнан кейін кандидаттық диссертациясын қорғап шықты.

Егемберді Ағманов ғылым жолына бүкіл өмірін сарп еткен білікті ұстаз еді. Ұдайы түрде оқытушылық жұмысын ғылыммен ұштастырумен жүрді. Алпысқа жуық ғылыми мақалалары, монографиялары жарық көрді.

Қазақстандағы тіл білімі, лингвистикасы және халық ағарту, білім салаларындағы ұзақ жылдар жемісті еңбегі үшін Е.Ағманұлы бірқатар марапаттарға ие болды. 1981 жылы «Оқу-ағарту үздігі» атағына қол жеткізді. 1990 жылы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін алды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30-40-50-55-60 және 65 жылдық мерекесіне орай медальдарды иеленді. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі де Е.Ағманұлының еселі еңбегі үшін берілгені анық.

Кешегі аптада құрметті ғалым-ұстаздың еңбегін ұлықтау мақсатында өзі тұңғыш директоры болған «Шардара» мектеп-лицейінде оған арналған мемориалды тақта мен сыныптың ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиетші, сыншы, ҚР ҰҒА-ның Құлбек Ергөбек, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі, Инженерлік ғылымдар халықаралық академиясының академигі Алтынбек Нұхұлы, аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тосанбай Бердібеков бастаған бір топ ардагерлер, Е.Ағмановтың бауыры Тәңірберді Ағманұлы, ардагер ұстаздар, мектеп мұғалімдері қатысты. Жиынды аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ауданның «Құрметті азаматы» Қыстау Ілесов жүргізді. Жиын барысында жоғарыда аттары аталған ел ағалары Е.Ағманов жайлы естеліктер айтып, ол кісінің еңбек жолына шолу жасады. Ескерткіш тақтаның ашылуынан соң ғалым-ұстаздың атына ашылған сыныпты тамашалады. Іс-шара соңы мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. 

Бұл шараның басты мақсаты – ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен абзал азаматтың өнегелі жолын өскелең ұрпаққа дәріптеу, құрмет көрсету.

Егемберді Ағманұлының еңбегі – мәңгілік, тұлғасы – тағылымды!

Өз тілшімізден.