Аптаның сәрсенбісінде Қ.Тұрысбеков ауылдық мәдениет үйінде ақын, ардагер ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі, аудандық ардагерлер кеңесіне қарасты «Әкелер мектебі» ұйымының төрағасы Ыбырайым Нұрғали Сәкүнұлының 70 жылдық мерейтойына орай жыр кеші болып өтті.

Шардара өлкесі – ақын-жазушыларға бай, өнері өрістеген, мәдениеті шарықтаған аудан деп ауыз толтыра айта аламыз. Алашты аузына қаратқан адуынды ақын, қоғам қайраткері Қазыбек Иса, өзге саланың маманы болғанымен өлең-сөзде өзінің орны бар екендігін танытып қойған Бауыржан Қарабеков, бүгінде арамыздан озған белгілі түркітанушы, ақын Әмірхан Балқыбек, таяуда Құрмет орденін иеленген Әлібек Шегебайлардың шағалалы Шардарадан шыққанын ерекше мақтан етеміз. Олар бұл күндері шардаралықтардың ғана емес, күллі қазақтың мақтанышына айналып отыр.

Осындай таланттарды дүниеге әкелген киелі топырақта дарынды жандар жетерлік. Өзіндік ойымен, өзіндік қарым-қабілетімен өзін өзгелерге таныта білген өнер иесі, өлеңдері республикалық газет-журналдарда жиі жарияланып жүрген ақын, «Періште пейіл» жыр кітабының авторы, ардагер ұстаз Ыбырайым Нұрғали Сәкүнұлын осы лектің басында десек, артық айтқандық болмас.

«Жыр кешінің негізгі мақсаты –  тарихи және рухани мұрамызды сақтау, ана тілімізге деген қамқорлықты ұлғайту, ұлттық әдебиетке деген оқырмандар қызығушылығын арттыру, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын дәріптеу болып табылады», – дейді іс-шараның ұйымдастырушысы, ауыл әкімі Аманғани Алтынбеков.

Ақынның жыр кешіне ақын ағамызбен құрдас, осы ауылда туып-өскен, мектеп табалдырығын бірге аттаған, балалықтың бал дәуренін бірге сүрген бір топ сыныптастас достары, ауылдық әкімдіктің қызметкерлері, ағайын-туыс, дос-жаран, әріптестер, бір топ ақындар қатысты.

 Ақынның өз өлеңдерімен шымылдығын түрген кештің ашылу салтанатында ауыл әкімінің орынбасары Ермек Бердібеков сөз кезегін алып, ауыл тұрғындары атынан ақын ағасына ыстық лебізін білдірді, құрметтеп иығына оқалы шапан жапты.

 Мұнан соң, ауыл ақсақалдары атынан еңбек ардагері Тәжібай Мырзагелдиев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тағабай Сүлеев, ақынның сыныптас достары – Үсен Қамбаров, Шара Тұрысбекова, Нұрекеңмен ұзақ жылдар иық тіресе бірге қызмет атқарған әріптестері атынан ардагер ұстаздар – Таған Әліпбаев, Нұрлан Ахментаевтар сөз алып, ақынның балалық шақтарынан, қызмет атқарған уақыттардағы қызықты жағдайлардан сыр шертті.

Кездесу кеші барысында бір кездері ақын ағамыз білім алған Ш.Уәлиханов және А.Әлімбетов атындағы мектептердің жырсүйер оқушылары Нұрекеңнің жырларын жатқа оқып, тыңдармандардың ризашылығына бөленді. Ақын ағалары да өз кезегінде әдебиетсүйер балаларға естелікке кітап, газет-журналдар тарту етті.

Кештің орта тұсында көрермендер өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға жауап алып, еркін әңгімелесті. Бір мезет сахна әдемі диалог алаңына айналды.

Нұрекең  елге танымал бірнеше сазгерлердің әндеріне әдемі сөз жазған. Ол әндердің бірқатарын еліміздің эстрада саласының жарық жұлдыздары орындап жүр. Кеш барысында аудандық мәдениет үйінің әншісі Ербол Таңжар, Қ.Тұрысбеков ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Ержан Қабылбековтер ақынның сөзіне жазылған әдемі әндерді нақышына келтіре орындап, тыңдармандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

«Сөз өнері дертпен тең» дегенді еске алсақ, Нұрекеңнің бұл дертпен ауырғанына аз болмаған сияқты. Ол дерттен айықтыратын бір ғана күш – ол қолға қалам алу. Өнерсүйер қауым кеш соңында ақын ағамызды сахнаға шақырып, сөз өнерімен ауырғанда қалай айығатынын тамашалады.

Өз тілшімізден.