
Жуырда «Қоссейіт» жалпы білім беретін мектеп кітапханасында 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай өткізіліп жатқан онкүндік жоспарындағы кезекті «Жергілікті ақын-жазушылармен кездесу» сағаты ақын, журналист, «Өскен өңір» газетінің директор-бас редакторы, жерлесіміз Сәбит Лахановпен кездесу болып өтті.
Ауданымызбен бірге жасап келе жатқан «Өскен өңір» газетінің редакциясында өткен кездесуге «Қоссейіт» ЖББМ кітапханашысы Камила Баспаева, «Қоссейіт» ЖББМ кәсіптік бағдар беруші педагогы Сәулетхан Әбдібаев, Сырдария ЖББМ кәсіптік бағдар беруші педагогы Қайрат Ильясов және аталған қос мектептің 9-сынып оқушылары қатысты.
Кездесу сәтінде ақын ағамыз балаларға осы шығармашылық жолында жеткен жетістіктері туралы әсерлі әңгіме шертті. Ақын ағамыз шәкірттерге көп іздену, талпыну, оқудың нәтижесінде осынау дәрежеге жеткендігін айтып өтті.
«Мен де өздерің секілді сол ауылда туып-өстім. Сол ауылдағы «Сырдария» мектебінде тәлім алдым. Мектеп қабырғасында жүргенде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін қызыға оқыдым. Түрлі білім сайыстарына қатысып, ақыр соңында осы салада жоғары білім алдым. Менің осы саланы таңдауыма ұстаздардың көп ықпалы болды десем артық айтқандық емес.
Жастайымыздан кітап оқуға құмар болдық. Мектеп оқулығынан бөлек әдеби кітаптарды кітапханадан жаздырып алып оқитынбыз. Қазірге дейін кітап оқуды әдетке айналдырдым. Өйткені, кітап – дұрыс бағыт сілтеуші ақылшың. Сондықтан сендерге де кітапты көп оқыңдар деп ақыл-кеңес айтамын», – деп ағынан жарылды ағамыз. Сонымен бірге журналистиканың қыр-сыры туралы әңгіме шертті.
Мұнан соң оқушылар тарапынан сауалдар қойылып, кездесуіміз сыр-сұхбатқа ұласты. «Адам баласының өміріндегі ең тәтті кезеңі – балалық шағы ғой. Балалық дәуреніңіз қалай өтті?», «Сіздің қалам ұстап, өлең жазуыңызға не түрткі болды?», «Бала кезіңізде кітапқұмар болдыңыз ба?», «Ең алғашқы жазған өлеңіңіз қандай?», «Өлеңді неше жастан бастап жаздыңыз?», «Оқушы болғанда қандай болдыңыз?», «Шығармашыл адамның көбі көңіл-күйдің адамы дейді. Сіз қандай адамсыз?», «Қазақтың ұлы жазушыларынан, ақындарынан кімді үлгі тұтасыз?», «Адам баласының мықты боп қалыптасуына үш нәрсе байланысты дейді. Олар: ата-ана, ұстаз және кітап. Әдебиет әлеміне қадам басуыңызға осы үшеуінің қайсысы әсер етті деп ойлайсыз?» деген сауалдарға ақын ықыластана жауап қайырды. Балалар осынау кездесу сәтінен әдемі әсер алып, ақын ағаның кітаптарын оқуға қызығушылық танытты.
Дана Абайдың, дара Абайдың «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деген даналық сөзі текке айтылмағандығына көз жеткіздік.
Сәулетхан Әбдібаев,
«Қоссейіт» ЖББМ кәсіптік бағдар беруші педагогы.





