Қала күні мерекесі тойланған күні аудандық мәдениет сарайында ақын, журналист, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, өмірінің 40 жылға таяу уақытында «Өскен өңірдің» белді қызметкері болған Құдайберген Өтештің «Көңіл назы» жыр кітабының таныстырылымы өтті.

Кітапты осы басылымның бас редакторы, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» төрағасы Сәбит Лаханов халыққа таныстырып, қысқаша шолу жасап өтті. Құдекеңнің өміржолы жайлы бейнефильм көрсетілді.

Шара барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбай сөз алып, аудан көлеміндегі руханиятты дамыту жұмыстарына тоқталып өтті. 

– Құрметті жерлестер! Қадірменді өнерсүйер қауым!

Қазақ халқы қай уақытта да сөзге тоқтаған, бітпейтін даудың түйінін бір ауыз сөзбен шешкен, сөз өнерін жоғары бағалаған халық. Сөз өнерінің ішінде поэзияны аса құрметтеген. Ұлы Абай да: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» дейді.

Шағылы мен шағаласы жарысқан Шардара өлкесі қай кезде де дарындарға кенде болмаған. Өнердің өзге өкілдерін айтпағанда, тек қаламгерлердің өзін айтсақ та, елге белгілі біраз есімдерді атауға болады.

Дарынды жазушы Жәлел Кеттебеков проза жанрында өзін таныта білді.

Арынды ақындар – Қазыбек Иса, Бауыржан Қарабек, Әлібек Шегебайлар шардаралықтардың ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышына айналған ақындар.

Жұмабек Мұқан, Оңалбай  Еспан, Құдайберген Өтеш, Әмірхан Балқыбектер өмірден өткенімен, арттарында өшпес мұралары қалды.

Қазіргі таңда Қасқыр Серікбай, Құрбанбек Шәметов, Көбекбай Еспанов, Тұрғанбек Қанаев, Нұрғали Ыбырайым, Әбдіғаппар Айдаров, Сәбит Лаханов, Хамит Жұмабеков, Жүсіпбек Тілеубергенов, Жанәділ Сейданов, Ғайболла Бектөреев, Қанат Дауылбаевтардың шығармалары өнерсүйер қауымнан жоғары баға алып жүр.

Алдыңғы толқынның ізін жалғап келе жатқан Бекжұма Нарбай, Ұлмекен Лесбекова, Дінмұхамед Ділдабек есімді жастардың өлең өлкесіндегі аяқ алысы бізді қатты қуантады.

Бүгінгі кеш осы шоғырдың ішіндегі талантты ақын Құдайберген Өтештің шығармашылығына арналып отыр.

Құдекең Қасымның жырын, Мұқағалидың мұңын, Төлегеннің шерін,  Сабырханның сазын тартып, нағыз ақындарша өмір сүрді. Оған Құдайбергеннің әр өлеңін оқысаңыз көз жеткізесіз.

Өкінішке орай, Құдайберген ағамыз 60 жасқа қараған шағында өмірден озып кете барды. Көзінің тірісінде жүзеге аса қоймаған арманын орындау, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленген ақынның жырларын топтастырып, жарыққа шығару біздің үлесімізге тиген екен, оған да тәубе дейміз.

«Ақынын ардақтаған ел азбайды» демекші, біз өнер иелеріне төрден орын беріп, құрмет тұтқан халықпыз. Бұл үрдіс бабадан балаға беріліп, бүгінде ұлт мақтаныштарымен жүздесуді жиі ұйымдастырып келеміз. Мұндай шаралар алдағы уақыттарда да өз жалғасын таба береді деп сеніммен айта аламын.

«Ештен кеш жақсы» дегендей, кештеу болса да Құдайберген ағамыздың жыр кітабының жарық көргеніне қуаныштымыз. Жақсы күндеріміз көп болсын! – деді аудан әкімі өз сөзінде.

 Мұнан соң аудан басшысы мен аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Қыстау Ілесов ресми түрде кітаптың лентасын қиды. Кітаптың алғашқы данасы ақынның жары Нәзипа Әбдіраманқызына табыс етілді. Сонымен бірге, ұзақ жылдар аудандық ауруханада қызмет атқарған Нәзипа Юсуповаға «Шардара ауданының құрылғанына 55 жыл» мерекелік медалі табысталып, бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Кеш барысында ақынның өмірінен сыр шертіліп, өлеңдері жатқа оқылып, өнегесі сөз болды.

Рүстем Пердебек.