«Клиникалық ауруханаға екінші қабаттан құлаған 45 жасар пациенттің ауыр халде екені анықталып, омыртқа жотасына күрделі операция жасалды» – деп хабарлайды Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының баспасөз қызметі.
Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген ер адамға «Жұлынының функциясының бұзылуы мен бел омыртқасының 3-сатылы асқынған сынығы және аяғының параперезі (паралич), жамбас органдары функциясының бұзылуы, тобығының сынуы» деген диагноз қойылған. Омыртқаның транспедикулярлы фиксациясы аталатын операцияны ОҚКА нейрохирургы Талғат Сәрсенбаев жасады.
«Омыртқаларын импланттар (транспедикуляр бұрандалар) арқылы тұрақтандыру үшін хирургиялық операция жасалды. Осы бұрандаларды орнатудың арқасында омыртқа тірек тауып, сенімді түрде фиксацияланатын болады. Транспедикулярлы фиксация сүйектердің қалпына келу кезінде бір-бірімен ығысып кетуін болдырмайтындай дұрыс және тез өсуін қамтамасыз етеді. Операция сәтті өтті, екінші күні пациент өз бетімен отыра алды және тобығының сынығы жазылғаннан соң жүре алатын болады», – дейді дәрігерлер.
Операция 2,5 сағатқа созылған. Айта кететін жәйт, орталық қалалық клиникалық ауруханада нейрохирургиялық бөлімше қарастырылған, онда бас ми тамырына, сондай-ақ омыртқаға ең қиын операциялар жасалады.
Осынау ауыр да күрделі отаны жасаған нейрохирург Талғат Сәрсенбаев Шардараның тумасы. Әкесі Жақсылық Сәрсенбаев аудандық «Қазтелеком» мекемесінде қызмет етсе, анасы Роза Үсіпбаева Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектепте мұғалім.
Науқастардың дертіне шипа тауып жүрген Талғатқа еңбекте табыс тілейміз.
«Өскен өңір» – ақпарат.