Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейiнде кезектi жоспарланған iс-шара «Халқына қалаулы» атауымен ұйымдастырылды. Iс-шара мен аттас көрме аясында ауданға кеңiнен танымал Төлешевтер отбасы туралы әсерлi әңгiме қозғалып, қатысушылар тарапынан iзгi лебiздер айтылып өттi.

Ардагер-ұстаздар және бiлiм беру саласының үздiктерi Пайызхан Төлешев пен жұбайы Жамал Өтегенқызының мағыналы өмiрiнен сыр шертер музей көрмесiнде бiрқатар құнды дүниелер көпшiлiк назарына ұсынылды.

«Ардақты ардагер» айдарымен жоспарланып, оқылған лекция да iс-шараның негiзгi кейiпкерлерiне орайластырылды. Шардара ауданының «Құрметтi азаматы», «Құрмет» орденiнiң иегерi Тәңiрбердi Ағманұлы Жамал Төлешеваның бүгiнгi күндерге дейiнгi қоғамға сiңiрген еселi еңбегiн айрықша атап өттi. Аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Тоқсанбай Бердiбеков Төлешевтер отбасы туралы тереңiнен қозғап, апайдың қайраткерлiк қырына ерекше мән бердi. Өз кезегiнде еңбек ардагерi, ауданның Құрметтi азаматы Төлбасы Бектасов та орнықты отбасының елге үлгi боларлық жарқын iстерiн мысал еттi. Шардара қалалық қоғамдастығының төрағасы, ауданның «Құрметтi азаматы» Жамантай Жаңабаевтың сөзiнен кейiн Өтегенқызының өзектi мәселелердi шешудегi өткiрлiгiне кезектi рет қанықтық. Iс-шара барысында Жамал Төлешеваның озық ойлы шәкiртi, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi басшысының орынбасары Орынша Қалшабекова тарихи деректерге негiзделген лекция оқыды. Лекция барысында Төлешевтер отбасының аудандағы қызметтiк дәуiрiнiң басталуы, еселi еңбек жолы мен жарқын жетiстiктерi толықтай аталып отырды. Сонымен қатар Жамал Өтегенқызының туған жерi Алматы қаласындағы балалық шағы, әкесiнiң сұрапыл соғысқа аттануы туралы хикаяттар өте әсерлi кейiпте баян етiлдi. Iс-шараны Шардара қаласының әкiмi Олжас Айдос қорытындылап парасатты педагогтар негiзiн құраған Төлешевтар отбасына алғысын жеткiздi.

Жазғы демалысқа қарамастан шараға қатысқан Шардара мектеп-лицейi оқушылары ұлағатты ұстаздар туралы мол мағлұматтарға қанығып, өздерiн қызықтырған сұрақтарға жауаптар алды. «Халқына қалаулы» атты көрме екi ай көлемiнде Шардара ауданы мен аудан қонақтарының назарына ұсынылады. Көрме экспозициясында Төлешевтер отбасының мұрағатынан алынған таңдамалы тарихи фотосуреттер, алғыс хаттар мен түрлi деңгейдегi мерейлi марапаттар және орден, медальдар орналастырылған.

Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейi ұжымы еңбек ардагерi, ұлағатты ұстаз Пайызхан Төлешев пен абзал ана, парасаты мол педагог, «Құрмет» орденi иегерi Жамал Өтегенқызы Төлешеваны мерейлi мерейтойларымен шын жүректен құттықтайды. Сексен бес жасты бағындырғалы отырған қазыналы қария мен сол сексеннiң қырынан аса бастаған апайымыз әманда аман болсын.

 Н.Смайылов, аудандық тарихи-өлкетану музейiнiң меңгерушiсi.