Ақсақалдық ауылына алаңсыз енсе де, сергек қалпынан ауытқымай, қашан да қимыл үстінде жүретін осы бір еңселі, айтулы азаматты аудан жұртшылығы жақсы біледі. Өйткені ол қандай да бір қоғамдық шаралардан қалмай, өзінің белсенді қалпын сақтап, ізгі бастамаларды қолдап, жақсы істерді жандандырып жүреді.
Ол ғұмыр бойы осылай қалыптасқан. Иә, бүгінде айналасына сыйлы, көпке қадірлі Тұрғанбек Қанайұлының осылай болатын да жөні бар. Сонау елде алақұйын заман туындап жатқан елуінші жылдардың басында дүниеге келіп, қоғамдағы кезең-кезеңімен келіп жатқан дүрбелеңдердің куәсі болды. Сол сынақтар оны шыңдады, ерте есейтті.
Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі бұл жолғы көрме ауданымыздағы санаулы ғана «Құрмет» ордені иегерлерінің арасында бірінші болып осы орденнің иегері болған аудан жұртшылығына жақсы таныс, дара тұлға Тұрғанбек Қанайұлына арналды.
«Құрметке ие – құрметті» атты көрмеге Тұрекеңнің өмір жолындағы басып өткен жолдарын бейнелейтін жүзден астам фотосуреттері мен шығармалары, жетістіктері жайлы марапаттары қойылды. Сол сияқты көрмеге ардагер Тұрғанбек Қанайұлымен бірге қызы Гүлжанат, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, Мелдеби және Ақбала шағын аудандары бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары Ибрагим Бектұрсынов пен Мұсахан Мархабаев, Алатау батыр ауыл округінің биі Куан Сейсен, «Amanat» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет, аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Жалғасбаев және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Әділ Әбдірамановтар қатысып, Тұрғанбек Қанайұлы жайлы әдемі естеліктерімен бөлісіп, жылы лебіздерін білдірді.
Көрме барысында аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Нұрлан Смайылов мерейтой иесі Тұрғанбек Қанайұлының өмір жолына шолу жасады. Сонымен қатар Әділ Заманұлы Тұрекеңнің шығармашылық жолына кеңінен тоқталып, кезекті жаңа кітабы шығарылып жатқанын жеткізді.
– Еңбек майталмандарымен жүріп еңбек етуді, зиялы қауыммен жүріп зиялы болуды, өнерлі, шығармашыл жандармен жүріп шығармашылықты үйрендім. Жастарға өнегелі болғаныммен мен әлі өнегелілікті үйреніп жүрмін, – дейді қарапайымдылығынан танбаған Тұрекең.
Тұрғанбек Қанайұлының кеудесі толы орден-медальдар, төсбелгілер, сөресі толған Алғыс хаттар мен марапаттар болса, бұның барлығы да еткен адал еңбегі мен төккен маңдай терінің жемісі, куәсі. Ол марапаттар әлі де жалғаса берер.
Иә, көп жолдар артта қалды. Биылғы 70-іне дейін Тұрғанбек ағамыз талай бұралаң соқпақтардан, сынақты кезеңдерден өтті. Ол қандай сәтте де шегіну дегенді ойлаған емес, тек қана алға ұмтылды. Сондықтан да болар, оның бірге жүрген жолдастары оған әлі де арқа сүйейді.
Шардара ауданының құрметті азаматы атағы бар Тұрғанбек Қанаев ағамыз шын мәніндегі құрметке ие адам. Оның бүгін шығып отырған 70 жылдық асуы мағыналы кезеңдерімен қымбат, сондықтан да жүріп өткен жолдарының әр буынына ол әрдайым ерекше ықыласпен ой жүгіртіп отырады.
«Әр күні таңертең барлық іс сәтіне басады деген сеніммен ояныңыз. Үйден шығарда алда болар кез келген іске төтеп беретін толық сеніммен есіктен аттаған жөн. Ең бастысы – өзіңізге деген сенімділік. Ең көңілсіз істі алдымен істеуге дағдыланыңыз. Оны бітірген соң, өзіңізді жігерлендіруге тырысыңыз» – деп қорытындылады өз сөзін Тұрғанбек ағамыз.
Бота Нұрполатқызы.