Тұрғанбек Қанаев – өңірімізге белгілі ақын, қаламгер, еңбек ардагері. Шаруашылық жұмыстарымен қатар қолынан қаламын тастамаған Тұрекеңнің қаламынан туған туындылар туған елдің тұғырын биіктетіп, тұлғаларын жұртшылыққа танытты. Одан бөлек, халықтың мұң-мұқтажын да қаламына арқау етіп, диқандар қауымы үшін өзекті деген мәселелердің шешімін табуына үлес қосты.

Тұрекең сол туындылардың барлығын дер уақытында топтастырып, кітап құрастыруды да назардан тыс қалдырған емес. Бұған дейін «Еңбегім туған еліме» атты жыр кітабы жарық көріп, оқырман қауымнан жақсы бағасын алған. Қолынан қаламын тастамаған еңбек ардагері жақында тағы бір кітапты жарыққа шығарды.

Оқырманның олжасы болатын «Елдің сөзін сөйледім» атты кітапта Тұрғанбек Қанаев былай деп ағынан жарылады:

«Мен бұдан бұрын «Еңбегім туған еліме» атты кітабымды жарыққа шығардым. 60 жасқа толған кезімде өлең-жырларым қамтылған осынау кітабымды оқырманға ұсынған едім. Биыл міне, 70 деген жастың жотасына шығып отырмын. Осы күнге жеткізген жаратқанға мың шүкіршілік айтып, тәубе деумен келемін. Енді «Елдің сөзін сөйледім» атты жаңа кітабымды баспадан шығарып жатырмын.

 Бұл кітапқа әрекет 2013 жылдан кейін-ақ басталған болатын. 63 жасқа толған шағымда шығарамын деп ойлағамын. Содан бері қарай өзімнің әр жерде, әр жылдары жазғандарымды елеп-екшеп жинаумен айналыстым. Әрі мен туралы айтылған пікірлер мен тілектерді, түрлі мерзімді басылымдарда жарық көрген материалдарды да осы кітапқа топтастыруды мақсат еттім».

Кітаптың алғысөзінде қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов: «Автордың оқырманға ұсынып отырған еңбегінде қоғамның caналуан саласына қатысты ойлары, өзекжарды мақалалары, түрлі жиындарда сөйлеген сөздері, тиісті мемлекеттік органдарға жолдаған хаттары жинақталған. Сонымен бірге бұл кітапта ел дамуының өзекті мәселелерін де орынды қозғай білген. Еліміздің өсіп-өркендеуіне қатысты оралымды ойлар мен келелі ұсыныстар, тиімді пікірлер айтады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы ретінде қайнаған өмірдің үнемі бел ортасында жүретін Тұрекең ауылды өркендетудің сан алуан жолдарын тілге тиек етеді.

Кітапта сондай-ақ, автордың өмір жолында бірге жүрген әріптес-замандастарының, пікірлес-сырлас болған, қызмет бабымен үзеңгілес болған аға-інілері мен дос-жарандарының Т.Қанаев туралы ой-толғамдары мен естеліктеріне де орын беріліпті. Өлеңдер жинағынан кейін екінші рет жарық көріп отырған бұл кітабының да оқырманға берері мол дүние болатынына сенімім кәміл» депті. Дөп айтқан.

Жаңа туынды төрт бөлімнен тұрады. Оның алғашқысы «Елдің сөзін сөйледім» деп аталса, екінші бөлім «БАҚ бетінен сөйледім» деп аталады. Мұнда әр жылдары баспасөздерде жарияланған очерктері, эсселері, сұхбаттары берілсе, «Ел азаматтары сөйлесін» атты үшінші бөлімде Тұрекеңнің ағалары, кейінгі толқынның пікірлері қамтылған. «Сөйлесе, суреттер сөйлесін» атты төртінші бөлімде аты айтып тұрғандай әр кезеңді қамтитын фото-шежіре топтастырылған.

Кітаптың көркемдік сапасы өте жоғары, көптің көңілінен шығып жатыр. Шығармалардың тілі  жатық, тартымды.

Маңызы жағынан алып қарағанда Тұрекеңнің жиналыстағы, баспа беттеріндегі, көгілдір экрандағы сөздерінен мақта дақылын бүге-шүгесіне дейін сараптап, қазіргі нарық заманындағы іс-әрекеттерге түсінік берумен қатар жас диқандарға ақылымен көмек қолын созғаны байқалады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарының тіленбей» демекші, жастарды еңбек етуге шақырғаны анық сезіледі. Бір сөзбен айтқанда тәрбиесі мен тағылымы көп туынды. Үлкендер ұлағатын кейінгіге дәріптеуде азаматтық жауапкершілікті арқалаған Тұрғанбек Қанаевтың жаңа туындысы оқырманға жол тартып отыр. Ендеше, ардагер ағамызға қаламыңыз мұқалмасын дейміз.

Сәбит Лаханов, ҚР Журналистер  Одағының мүшесі.