Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы еңбек ардагерлерінің ерен еңбектерін насихаттауда сүбелі үлес қосып жүр. Осы мақсатта музей қабырғасында көрмелер ұйымдастырылып, кездесулер өтіп тұрады. Музей қызметкерлерінің апта барысындағы кезекті іс-шарасы «Еңбегін ел құрметтеген» атты көрме аясында ардагер құрылысшы, ауданымыздың Құрметті азаматы Ақбердиев Оралбай Бердалыұлының өміржолына арналды.

Көрме төріне еңбек ардагерінің ерен еңбегін дәлелдейтін кітаптар мен газет-журналдарға шыққан мақалалар топтамасы, Кеңестік және Тәуелсіздік тұсында иемденген орден-медальдары, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен түскен фотолары қойылып, көрермен назарына ұсынылды. Ол кісінің мағыналы өмірі жан-жақты насихатталды.

Сонымен қатар Оралбай Бердалыұлының өмірі мен қызметтік жылдарына арналып жасақталған «Еңбегін ел құрметтеген» атты көрме аясында ұйымдастырылған шараға қатысқан еңбек ардагерлері ол кісі туралы тағылымы мол пікірлерін айтып, тарихи деректерді де мысал етті.

«Құрмет» орденді ардагер, ауданымыздың Құрметті азаматы Қ.Ілесов модераторлық еткен іс-шарада ел ағасы, тың далаға алғаш түрен салған ардагерлеріміздің бірі, ауданның Құрметті азаматы Т.Ағманұлы алғашқы сөз алып, Ақбердиевтің инженер-құрылысшы ретіндегі кәсіби білігін тәптіштеп түсіндірді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Түркістан облысының, Шардара ауданының Құрметті азаматы Т.Бердібеков көрме кейіпкерінің тәуелсіздік жылдарындағы тиянақты тірліктері мен ардагер ретіндегі қыруар қоғамдық қызметін баяндап берді. Ал, Шардара аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Нұрпейісов абзал жанды ардагердің ерекше атауға тұрарлық тындырымды тірліктерін атап берді. Көрмені көруге арнайы келген аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары П.Мыңбаев болса О.Ақбердиевтің аудан әкімінің орынбасары кезіндегі ауруханаға көрсеткен кереметтей көмектерін өте әсерлі түрде жеткізіді.

Іс-шара қонағы аудандық ішкі саясат бөлімінің теолог-маманы А.Данияров Оралбай Бердалыұлы тарапынан ағалық қамқорлықты көп көргенін айтып, оған өз атынан ақжарма алғысын жолдады. Сол сияқты музейдегі шараға арнайы келген Қ.Қожаев, Т.Сүлеев сынды көрме кейіпкерінің замандастары да көпшіліктің пайымы мол пікірлерін толықтырып, өз аттарынан алғыстарын айтты. Музейдегі іс-шараға қатысқан аудандық Оқушылар үйінің үйірме оқушылары және жетекші мұғалімі Д.Утаевалар О.Ақбердиевке түрлі сұрақтарын қойып, қызықты да мағыналы жауап алды.

Өте әсерлі кездесуді Оралбай Бердалыұлының өзі қорытындылап, қатысушыларға алғысын жеткізді. 

А.ӘБУБӘКІРОВ.