ЛЕСБЕК АМАНОВТЫҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН БАЙҚАУ ӨТТІ

Жерлесіміз, әйгілі сазгер, Шардара ауданының Құрметті азаматы Лесбек Анасұлы Аманов осыдан 7 жыл бұрын арамыздан озып еді. Әндері қазақтың паң даласын тербеген сазгер биыл 70 жасқа толар еді. «Ажал – айла таптырмас» деген, Алланың ісіне амалымыз жоқ. Бірақ артында қалған елі, өнерсүйер қауым Лекеңді ешқашан ұмытпақ емес. Сәрсенбі күні аудандық мәдениет сарайында Лесбек Амановтың 70 жылдығына орай «Қара бауыр қасқалдақ» атты облыстық ән байқауының өтуі сөзімізге дәлел болса керек.

Лесбек Анасұлы 1954 жылы 27 желтоқсанда Шардара ауданына қарасты бұрынғы Көкиірім елді мекенінде өмірге келді. Көксу ауылдық округіндегі С.Ерубаев, Т.Айбергенов атындағы мектептерде білім алды. Орта мектепті аяқтаған соң Шымкент қаласындағы мәдениет  институтына оқуға түсті.

Еңбек жолын Шардара аудандық Мәдениет сарайында бастаған Лесбек Аманов мұнан кейінгі уақыттарда бұрынғы Келес аудандық мәдениет сарайында, Жезқазған облыстық Мәдениет басқармасында, Көксу кеңшарындағы Мәдениет үйінде түрлі қызметтер атқарып шықты. 1984 жылдан 2002 жылға дейін Шардара аудандық мәдениет сарайында еңбек еткен Лесбек Анасұлы Шымкент қаласына қоныс аударып, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда, Оңтүстік Қазақстан облыстық «Қазақконцерт» бірлестігінде қызмет етті.

Лесбек Амановтың өнерге бейімділігі ерте бастан-ақ танылды. Мектеп қабырғасында жүргенде әншілік өнерімен көпке белгілі болған ол кейіннен өзі де жанынан ән шығарып, сазгерлікпен айналыса бастады. Белгілі қаламгер Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» шығармасындағы «Қызыл көрпе» өлеңіне алғаш рет ән жазды. Мұнан кейін әр жылдары «Армандастар», «Ақ торғын», «Шолпанға сағыныш», «Шаңырағыңды шайқалдырмай сақтап қал», «Дүние-ай», «Жас келіннің сәлемі», «Әке мейірімі», «Біздер де ғашық болғанбыз» және басқа да көптеген әндерді өмірге әкелді.  Желтоқсан оқиғасына байланысты Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған "Қара бауыр қасқалдақ" әні Лесбек Амановтың есімін барша қазаққа танымал етті. Лесбектің шығармалары өзінің саф алтындай тазалығымен, ұлттық нақышымен, қайталанбас ерекше әуенімен тыңдарманын өзіне баурап алатын.

Аталған байқау барысында аудан өнерпаздары «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің шығу тарихын әсерлі етіп сахналап шықты. Шардаралық өнерпаздардың атасы атанған Тәшман Шекеровтің шаңырағында Лесбек Аманов, сол кездегі «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Жұмабек Мұқанов, «Қара бауыр қасқалдақтың» алғашқы орындаушысы Қайрат Мүтәлиев, Нұрлан Адамбековтер бас қосып, осынау әннің қалай дүниеге келгенін баян етті. Көрермендер Т.Шекеровті сомдаған С.Бегмановтың, Л.Амановты сомдаған Ә.Ибрагимовтің, Ж.Мұқановты сомдаған А.Ниязовтың, Қ.Мүтәлиевті сомдаған Қ.Дауылбаевтың, Н.Адамбековті сомдаған Е.Таңжардың өнерлеріне ықыластана қошамет білдірді.

Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев өнерсүйер қауымды аудан әкімі атынан айтулы ән кешімен құттықтап, әйгілі сазгердің шығармаларын дәріптеу, насихаттау жандана түсетіндігін айтып өтті. ҚР Мәдениет қайраткері Құралай Сәтмұхамбетова, Лекеңнің бауырлары аталған байқауды ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, ізгі тілектерін жолдады.

Аталған ән байқауына 19 үміткер қатысып, бақ сынады. Байқаудың ережесі бойынша үміткерлер бірінші кезеңде   Л.Амановтың бір әнін шырқаса, екінші кезеңде қазақ сазгерлерінің кез келген әнін орындап, сынға түсті. Үміттерін үкілеп келген әншілердің өнерін ҚР Мәдениет саласының үздігі, продюссер, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров, күйші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Бөрі Иса, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Композиторлар одағының Түркістан облысы бойынша төрайымы Құралай Сәтмұхамбетова, ҚР Мәдениет қайраткері, жыршы-термеші Хадиша Мұсабекова, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі, сазгер, халықаралық байқаулардың лауреаты Азамат Алиакбарлар таразылады.

Сонымен, байқау қорытындысы бойынша Шардара ауданынан қатысқан «Мерей» ансамблі Бас жүлдені жеңіп алды. Түлкібас ауданының «Арша» квартеті жүлделі І орынға, шардаралық Сәкен Бегманов пен Нұржан Жығалиев және төлебилік Жорақұл Аңсар мен Бақтыбай Қадыровтар жүлделі ІІ орынға ие болды. Ал Созақ ауданынан келген Айдос Әлқуат, Мақтаарал ауданынан келген Алмасбек Байсейітов және Жетісай ауданынан келген Сәнім Ермекбаева жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар Сайрам ауданының «Жалын» тобы «Облыстық мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесімен», Келес ауданынан келген «Келес» тобы «Шардара ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен», Ордабасы ауданынан келген Елнұр Өскенбек «Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесімен», Бәйдібек ауданынан келген Қуат Қасен «Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы жүлдесімен», Қазығұрт ауданынан келген Нұрхан Байтұрсынов «Ж.Кеңесов атындағы арнайы жүлдемен», Арыс қаласынан келген Нұржан Уәлиев «М.Жалаңбасов атындағы арнайы жүлдемен» және Түркістан қаласынан келген Нұрбек Әбдірахман «Лесбек Аманов атындағы арнайы жүлдемен» марапатталды. Сондай-ақ ынталандыру сыйлығы сарыағаштық Нұрлыбек Бұхарбаевқа, отырарлық Сейтқұл Төлешовке, шардаралық Мейірбек Ибадуллаевқа бұйырды.

Бүгінгідей өнер додасын тамашалай отырып, халықтың сүйіктісіне айналған Лесбек Амановтың шығармашылығы алдағы уақыттары да кеңінен насихатталатынына шүбәміз болмады. 

Сәбит Қоспанұлы.