
Шардара ауданында адам тағдырына бей-жай қарамайтын, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған игі бастамалар жүйелі жалғасын табуда. Кешегі аптада аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының бастамасымен тағы бір мұқтаж отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді. Бұл – тек бір отбасының шаңырақ көтеруі ғана емес, ел ішіндегі жанашырлық пен бірліктің, мейірім мен азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.
Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалған әлеуметтік мемлекет қағидаттарға, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» және «Қайырымдылық туралы» заңдарының талаптарына сәйкес, Шардара ауданында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау – аудан басшылығының басты назарындағы маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі.
Осы ретте тұрғын үйге аса мұқтаж Далбакова Гүлназ Жолдашбайқызының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жан-жақты зерделеніп, оның нақты көмекке мұқтаж отбасы екені анықталды. Нәтижесінде, қайырымдылық пен әлеуметтік қолдау аясында жаңа баспана сыйлау жөнінде игі шешім қабылданды.
Аталған қайырымдылық шарасы Шардара өңіріндегі спорт саласының қарашаңырағына айналған «Шардара-Армспорт» клубының 25 жылдық мерейтойы мен Ұлы Отан соғысының ардагері Роман Қарсыбайұлының құрметіне арналған қол күресінен XXVIII облыстық турнир аясында ұйымдастырылды. Елдік пен ерлікті ұлықтаған тағылымды іс-шара тек спорт мерекесімен шектелмей, шынайы ізгіліктің үлгісіне айналды.
Айта кету керек, бұл тұрғын үй мемлекет бюджетінен емес, демеушілік, әрі қайырымдылық қаражаттары есебінен сатып алынды. Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары «Tungush Group» ЖШС-нің қолдауымен алынған баспананың кілтін аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы салтанатты түрде табыстап, жаңа қоныс иелерінің қуанышына ортақтасты.

Салтанатты сәтте баспаналы болған отбасы аудан басшылығына және қайырымдылық көмек көрсеткен «Tungush Group» ЖШС ұжымына шынайы алғыстарын білдіріп, ақжарма тілектерін жеткізді. Жаңа шаңырақ иелерінің қуанышы көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Әбдіразахов арнайы қатысып, отбасыға ізгі тілектерін арнап, жаңа қонысқа құт-береке тіледі.
Бұл бастама Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың нақты нәтижесі, ел ішіндегі ауызбіршілік пен жанашырлықтың айқын дәлелі. Мұқтаж жандарға қолдау көрсету, халыққа қамқор болу – қоғамның адамгершілік деңгейін көрсететін асыл құндылықтардың бірі.
Шардара ауданында алдағы уақытта да мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері арасындағы өзара ынтымақтастық нығайып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған осындай игі істер жалғасын таба бермек.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.




