Сәрсенбі күні Шардара аудандық білім бөліміне қарасты «Шардара» мектеп-лицейінде «Жастар рухы» тақырыбында маңызды кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуге «AMANAT» партиясының Шардара аудандық филиалының атқарушы хатшысы Б.Шомпиев, «Өскен өңір» газетінің директор-бас редакторы, «Қызылжар» БПҰ төрағасы С.Лаханов, “Жастар ресурстық орталығы” КММ басшысының орынбасары М.Қасымов, мектеп-лицей директоры Л.Құлмаханбет, Тәжік-Ауған соғысының ардагері Д.Қосаев, ұйымдастырушы педагог А.Базарбаева, аға тәлімгер А.Сманова және 10-11 сынып оқушылары қатысты.

Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, белсенді азаматтық ұстанымды дамыту, сондай-ақ жастарды ел болашағына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.

«AMANAT» партиясының «Qaisar» (Қайсар) әскери-патриоттық жобасы – жастардың бойында ерлік, отансүйгіштік және қайсар рухты қалыптастыруға бағытталған ауқымды бастама. Жоба аясында өскелең ұрпаққа әскери дайындық, тарихты таныту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу шаралары, соның ішінде «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары мен турнирлер тұрақты өткізіліп тұрады.

«Qaisar» жобасының мақсаты – жастарды Отанға адал, қайсар рухты және патриот етіп тәрбиелеу, олардың бойында әскери-қолданбалы дағдыларды дамыту. Бұл жоба «AMANAT» партиясының отаншыл ұрпақ тәрбиелеу және жастар саясатын жүзеге асыру аясындағы маңызды қадамдарының бірі болып табылады.  

   

Кездесу барысында Б.Шомпиев жастарға қазіргі қоғамдағы белсенділіктің маңызы, білім мен еңбектің рөлі туралы мазмұнды ой қозғап, өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, еркін форматта сұхбат жүргізіліп, ашық пікір алмасу алаңы қалыптасты.

Шара соңында оқушылар қонақтарға алғыс білдіріп, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

 Өз тілшімізден.