
Музей – өнер-мәдениет және ғылыми құндылықтарды сақтауға, музей мұралары арқылы тарихи мәлеметтерді жинақтап, таратуға, болашақ ұрпаққа танымдық тәрбие беруге арналған көп қырлы ақпараттар институты болып саналады.
Елміздің тарихын, мәдениетін және өркениетін айғақтауда маңызды рөл атқаратын бірден бір тәрбиелік орын ол – музей. Біз үшін қоғамда музейдің алатын орны ерекше. Себебі, музей кешегі тарих, бүгінгі ғылыми орталық, ертеңгі болашағымыз.
Жуырда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Музей – құндылықтар ордасы» атты көшпелі көрме қолға алынды. Түркістан қаласының төрінде өтетін көшпелі көрмеде 2 ауданның музейі 2 апта бойы тарихи жәдігерлер мен құнды мұраларды насихаттайды, көрерменге паш етеді. Негізгі мақсат – ұлттық құндылықтарды ұлықтау, музей саласындағы негізгі бағыттарды қамтып, қор сақтау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру, экспозициялық қызметті дамыту және келушілермен жұмыс сапасын арттыру. 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында Шардара ауданы мен Сарыағаш аудандарының музейлері өздеріндегі жәдігерлерді қалың көпшіліктің назарына ұсынады.
Апта басында Түркістанның төрінде Шардара ауданы музейінің ұйымдастырған көшпелі көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Салтанатты жиынға еңбек ардагері, ұзақ жылдар бойы Түркістан қалалық білім басқармасының басшысы болған, қалалық ардагерлер кеңесін басқарған Түркістан қаласының Құрметті азаматы Жарқынбек Құлайымбетов, қазіргі таңдағы Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Қыдырәлі Рысбек, Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Есенәлі-Мұрат Ізтілеуов және бір топ ардагерлер, өзбек этносының өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты.
– Әрбір өлкенің тарихын келешек ұрпаққа жеткізу жолында бабаларымыздан қалған құндылықтарды жинап, көздің қарашығындай сақтап отырған музейлер қоғамның рухани дамуына орасан үлес қосып келеді. Әсіресе, біздің Түркістан облысы өңірі құнды мұраларға бай өлке. Облысымыздағы әрбір ауданда да сондай мұралар бар екені ақиқат. Осындай баға жетпес жәдігерлерді жиып-теріп, мұражай төріне қойып қана қоймай, қалың көпшіліктің назарына ұсынып отыруды құп көрген облыстық тарихи-өлкетану музейіне айтар алғысым шексіз. Бүгін шардаралықтар әкелген бабадан қалған мұралардың тарихына қанық боларымыз сөзсіз, – дейді еңбек ардагері Құлайымбетов Жарқынбек ақсақал. Салтанатты жиында сөз алған өзге де қонақтар музейлердің елдің рухани қоры, мәдени мәйегі екендігін атап өтті.
Мұнан соң қонақтар Шардара аудандық музейінің көшпелі көрмесін тамашалады.


– Бүгінгі көшпелі көрмеге аудандық музейден 3 бағыттағы қордан жәдігерлер әкелдік. Бірінші бағыттағы қор – археология бөлімі саласынан жәдігерлер қойылды. Археологиялық бөлім – көне қазба жұмыстары кезінде табылған тарихи заттарды сақтайтын, зерттейтін және халыққа көрсететін маңызды орын. Мұнда көне қыш ыдыстар, тас қазандар, зергерлік бұйымдар, еңбек құралдары мен қару-жарақтар сақталады. Біз осындай дүниелерді жұрт назарына ұсындық.
Екінші бағытта – аудан тарихы бөлімі бойынша жәдігерлер ұсынып отырмыз. Мұнда Шардара ауданының қай уақытта ресми құрылғанын айғақтайтын құжаттар, кешегі кезеңдерде Бүкілодақтық екпінді құрылыс деп танылған Шардара су қоймасын салу жұмыстары, Қызылқұм өңірін игерудің алғашқы жылдарындағы жұмыстар, Шардараның атын шығарған күріш шаруашылығы туралы құнды деректер мен қазіргі Шардара туралы тың мәліметтерді алып келдік.
Үшінші бағытта – этнография бөлімі бойынша халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін зерттейтін және насихаттайтын маңызды дүниелерді көпшіліктің назарына ұсынып тұрмыз. Біздер ұсынған көне тұрмыстық бұйымдар – сандық, кебеже, асадал, кілем, ұлттық киімдер, зергерлік бұйымдар мен қолөнер туындылары тамашалаушылардың назарын аударары сөзсіз, – дейді Шардара аудандық музейінің меңгерушісі Нұрлан Смайылов.
Тарих – өткенге сабақ, келешекке өнеге. Осы орайда ата-бабамыздың ғибратты ғұмырын әйгілейтін мұраларды көздің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа мұра етіп қалдыруда мұражайдың алар орны ерекше.
Мұражай – ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Ол бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін ұрпақтан ұрпаққа жалғап отыратын мәдени орын.
Ендеше, өткенге көз салғыңыз келсе, өткен тарихты көз алдыңызға елестеткіңіз келсе – мұражайға барып тұрыңыз.
М.ЕРАЛЫ.




