Құдайберген Өтештің жыр жинағы жарық көрді
Құдайберген Өтеш ағамыздың есім-сойы күллі шардаралыққа етене таныс.
Өмірден өткенше қолынан қаламы түспеген Құдекеңді бұл атырапта танымайтын жан жоқ еді десек артық айтқандық болмас.
Құдайберген Ерсейітұлы 22 жасында еңбек жолын «Өскен өңірде» бастаған. Отыз алты жыл бойы қалың оқырманның ойындағысын дөп басып жазатын қаламгер болды. Журналистиканың қай жанрына салса да жарып шығатын шын жүйрік-тін. Ал ақындығына ешкімнің таласы болмаса керек. Ойға жүйрік Құдекеңді былайғы жұрт «Қара өлеңнің қара нары» деуші еді. Десе дегендей еді-ау.
Құдекеңді сынағысы келген көкірегі көр кеудемсоқтар кейде «Мықтылығың рас болса, табан астында бір шумақ шығар» - деп өздерінше шарт қоятын. Өлеңге келгенде тосылатын Құдайберген бе, табан астында бір шумақты құрап (құрағанда да тас-түйін етіп), шырт түкіріп кете беретін.
Өмірінің өзін өлеңге айналдырған Құдайберген ағамыздың көзі тірісінде жыр жинағы шықпады-ау деп іштей бір өкініште жүретінбіз. Сөйтсек, жақсылықтың ерте-кеші жоқ екен. Таяуда жанашыр жандардың демеушілігімен Құдайберген ағамыздың «Көңіл назы» атты жыр кітабы құрастырылып, қалың оқырманға жол тартты.
Құдекеңмен қызметтес болып жүргенімде теруге берген жырларының бір данасын кейін оқып шығамын деген оймен өзіме қалдырып қоятынмын. Кешегі күні сол әдетімнің бір пайдасы тиді. Онан бөлек газеттің архивін ақтарып жүріп, әр кезеңдерде жарық көрген жырларын жинап алдым. 100 қаралы өлең болды. Компьютерге салып есептесем 10 баспатабақтай болады екен. Былай қарағанда пышақтың қырынан жуандау кітап болмақшы.
Содан бір күні аудан әкімі Қайрат Жолдыбайға арнайы кірдім. «Осындай да осындай, Құдайберген ағамыздың жыр кітабын құрастырсақ деп едік. Соған жәрдем етсеңіз» - деп өтініш еттім. Қайрат та мәрт екен, «анаған айтайын, мынаған айтайын, ақылдасайын, көреміз» деген жоқ. «Бастамаңыз өте орынды екен. Кітапты бастыруға кірісе беріңіз. Қаражат жағын ойланбаңыз» - деді. Әкімнің алдынан төбем көкке жеткендей болып шықтым.
Осылайша аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының тікелей демеушілігімен Құдайберген ағамның «Көңіл назы» кітабы жарық көрді.
Кітапқа жерлесіміз, айтулы ақын, Құдекеңнің рухани інісі Қазыбек Иса ағамыз алғысөз жазды. Мұнан бөлек, бір кездері Құдекеңмен қатар «Өскен өңірде» қызмет еткен ақын Нұрғали Ыбырайым, жыршы-термеші, ақын Әбдіғаппар Айдаровтар естелік әңгімелер келтірді. «Өскен өңірге» жаңадан қабылданған кезімде орын алған бір оқиғаны өзім де жаздым.
Жалпы, жыр жинағы өлеңсүйер, өнерсүйер қауымға арналған.
Сәбит Лаханов.