Өткен аптада аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметкерлер арасында «Тіл – ең асыл құндылық» атты аудандық байқау болып өтті. 

Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін  көтеру, тілдік ортаның қалыптасуына үлес қосу.

Байқауға ауданымыздан 12 үміткер қатысып, өзара бақ сынасты. Байқау үш кезеңде өткізілді. Үміткерлер бірінші кезеңде өздерін таныстырса, екінші кезеңде қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына байланысты қойылған сауалдарға жауап берді, үшінші кезеңде өз өнерлерін ортаға салды.

Ережеге сәйкес талаптардың орындалуын сараптай келе, қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде, І орынды  Қоссейіт ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ақмарал Лесбекова жеңіп алды. Екі екінші орынды аудандық полиция бөлімінің қызметкері Азамат Ділдабай мен Жаушықұм ауылдық округі әкімі аппаратының маманы Әлішер Әбілхасымов өзара бөлісті. Көксу ауылдық округі әкімі  аппаратының бас маманы Нұрдәулет Мантубаев пен Қызылқұм ауылдық округі әкімі аппаратының маманы Сапархан Әбделбек 3-орын иегері деп танылды. Сонымен бірге түрлі номинацияға ие болғандар Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтармен  марапатталды.

Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы сайыста Жаушықұм ауылдық округі әкімі аппаратының белсенділік танытып, әріптестеріне зор қолдау білдіргенін айта кеткеніміз жөн.

Б.Нарбай.