Жуырда Әбу Насыр Әл-Фарабидің тарихы тереңде жатқан шығармаларын насихаттау мақсатында Шардара аудандық орталық кітапханасында «Фараби оқулары» байқауы болып өтті.

Байқаудың ашылу салтанатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Тоқтарұлы сөз алып, бақ сынаушыларға сәттілік тіледі.  

Аталған байқауға  үміткер ретінде  ауылдық, қалалық мектептерден 12 оқушы келіп, бақтарын сынады. Әр қатысушы Әл-Фараби шығармаларын оқуда өз қабілеттерін әдеби тілмен көркемдеп көрсетуге тырысты.

Байқау үш кезең бойынша өтті. Бірінші кезең «Ұлағаты мол ұлы ұстаз» (Әбу Насыр әл-Фарабидің 5 трактатын жатқа білуі тиіс. Тек біреуін оқиды, уақыт 5 минуттан аспауы тиіс), екінші кезең «Ойлы болсаң, озып көр!» (Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығына байланысты сұрақтарға жауап беру), үшінші кезең «Баба еңбегі – ұрпаққа мұра» (Әбу Насыр әл-Фарабидің бір еңбегіне тоқталып, мазмұнын жеткізу керек. Уақыт 3-4 минуттан аспауы тиіс) деп аталды.

Байқауға әділ бағасын беріп, қазылық еткендер қатарында аудандық мәдениет сарайының бөлім меңгерушісі С.Бегманов, аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталығының директоры Н.Әли және орталық кітапхана директоры Ғ.Төребаевалар болды.

Байқаудың қорытындысы бойынша Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Зейнеп Күшібай бас жүлдені иеленсе, 1-орын  Достық жалпы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Сабина Хусейінге  бұйырды. Ал, 2-орынға С.Каттабеков атындағы жалпы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Сымбат Оралбай лайық деп танылса, аудандық оқушылар үйі атынан қатысқан 11 сынып оқушысы Бірғаным Саттар 3-ші орынды иеленді. «Ақ алтын» жалпы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Жантас Қалдарбек «Ізденімпаз оқушы», Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Шырын Зейілбек «Көрермен көзайымы», «Ұзын ата»  жалпы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Шерімбай Ерасыл «Талапкер жас» номинацияларымен марапатталды.

Барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды. 

Бота Болатқызы.