Мектептен тыс мекемелерде, үйірмелерде балалардың шығармашылығын дамыту мақсатында түрлі байқау, сайыстар ұйымдастырылатыны белгілі. Сондай шараның бірі таяуда аудандық балалар саз мектебінде болып өтті.

Берекелі күз айының орта тұсында аталған білім ошағында «Сыбдыры сұлу алтын күз» атты концерттік бағдарлама мен байқау ұйымдастырылды. «Бүгінгі шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – табиғаттың күз мезгіліндегі өзгерістері жайлы балалардың білімдерін кеңейту, күз мезгілінің берекелі ай екенін айтып, түсінік беру, балаларды еңбекке баулу және өнерлерін шыңдау» дейді аталған байқауды ұйымдастыруға жауапты балалар саз мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмарал Жақыпбай.

Жоғары дәрежеде ұйымдастырылған шара екі форматта өтті. Концерттік бағдарламада мұғалімдер оқушыларымен бірігіп жасаған қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырды. Іс-шара қонақтары олардың ісмерлігіне, шеберлігіне таң-тамаша болып, жоғары баға берді.

Мұнан соң сұлу да өнерлі қыздарымыз «Күз ханшайымы» атты сұлулық байқауында өз өнерлерін ортаға салып, бақ сынады. Байқауға қатысқан 10 қыз 4 кезеңнен тұратын сында өздерін барынша жақсы қырларынан көрсете білді. Әр қатысушы таныстыру бөлімінде өздерінің қай үйірмеге қатысатынын айтып, түрлі тәсілдермен таныстырып шықса, «Сән үлгісі» деп аталатын бөлімде қолдан жасаған керемет көйлектерді киіп, кеш қонақтарын таң қалдырды. «Көңілді аспазшы» деп аталатын сайыста өздері аналарымен бірге дайындаған дәмі тіл үйірер тағамдар ұсынды. «Өз өнерін көрсету» бөлімінде бірі әуелете ән салса, енді бірі дөңгелене би биледі, ал бірі фортепианода классикалық туындылар ойнап, тыңдармандарды тәнті етті. 

Байқауға қазылық жасаған аталған саз мектебінің директоры Әйгерім Жұмағалиева, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақтолқын Әбдиева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмарал Жақыпбай, шаруашылық меңгерушісі Қарлығаш Мырзалиевалардың шешімімен «Күз ханшайымы» атағын Кәусар Сәкен (дәстүрлі ән сыныбының оқушысы) иемденді. Фортепиано сыныбының қатысушысы орын Қасиет Лахан мен Еркеназ Жаңбырбай жүлделі бірінші орынға ие болды. Жұлдыз Мейірбек пен Ақерке Жұмабек екінші орын иегерлері атанды. Іңкәр Жолдасбек пен Арай Тойлыбай үшінші орынға лайық деп танылды. Сонымен бірге Нұрбақыт Сапарбай, Аяулым Нағашыбектер «Белсенді ару» номинациясымен мапапатталды. 

Өз тілшімізден.