Қазақтың салт-дәстүрінің, әдеп-ғұрпының, тілі мен ділінің, бар асыл қасиетінің қаймағын бұзбай сақтап қалған ордалы Оңтүстік, оның ішінде шағалалы Шардара өңірі ерекше жаратылыс иелері – ақын, жыршы, термеші, жалпылай айтқанда өнерпаздардан кенде емес.

Сол өнерпаздар қауымы осыдан бес жыл бұрын «Шардаралық өнерпаздар» қауымдастығын құрып, жұмыс істей бастады. Бірлестікте төрағалықтың тізгінін белгілі жыршы-термеші, ақын Әбдіғаппар Айдаровқа ұстатқан өнерпаздар сол уақыттан бері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп келеді.

Бірлестікті құрудағы мақсат – өнерпаздардың басын біріктіріп, олардың шығармашылығын арттыру, тәжірибе алмасу, олардың құқын қорғай отырып, өнерді насихаттау болатын. Бұл тұрғыдан алғанда шардаралық өнерпаздар мақсаттарына қол жеткізіп келеді деп сеніммен айта аламыз.

Аталған бірлестік құрылған уақыттан бері өнерпаздар қауымы аз тірлік атқарған жоқ. Олар тек той-жиындарда ғана жиналып қоймай, өмірден өткен өнерпаздардың рухын еске алу шараларын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Сонымен бірге өмір атты тар жол, тайғақ кешуде қиналған әріптестеріне, достарына қол ұшын созуды бір сәтке де ұмытпаған.

Қайбір жылы Арыс қаласында әскери бөлімде жарылыс орын алғанда, Мақтаарал ауданын тосыннан су басқанда шардаралық өнерпаздар қиналған көпшілікке алғашқылардың қатарында қол созды. Ұйымдаса отырып, елдіктің белгісін көрсетті. Азық-түлік, киім-кешек, тағы да басқа тұрмысқа қажетті заттарды жүк көліктерімен жеткізіп берді. Шардаралық өнерпаздардың бауырмалдығына риза болған мақтаралдықтар жерлестерімізге алғысын жаудырып жатты.

Уақыт, мезгіл, тағдыр дегеніңіз қай уақытта да өз дегенін істейді емес пе? Сол айтқандай арамызда өмірден ерте кеткен өнерпаздар қаншама? Олардың жұбайлары, бала-шағалары арттарында жылап қала берді. Нарықтық заман онсыз да қолы қысқа жандарды одан ары қинап қоймай ма? Осындай мәселелерді ойға алған өнерпаздар өмірден ерте озған әріптестерінің отбасылары қыста қысылып қалмасын деп шын мұқтаж болған олардың жанұяларына көмір түсіріп береді. Енді бір отбасыларына азық-түлік әперіп, қол ұшын созды. Бір жағдайлармен несиелерін төлей алмай қиналып отырғандарына ақшалай жәрдем етті.

Мұның бәрін жіпке тізгендей етіп айтып отырғандағы мақсатымыз мақтау емес, мақтану емес – жақсының жақсылығын айту, өзгелерге үлгі ету, өзгелерге ой салу, жастарға жақсы істерді насихаттау.

Қаңтардың 15-інде аталған ұйым мүшелері бес жылдық мерейтойлық жиынын өткізді. Іс-шараға аудан өнерпаздары, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында осы салада қызмет етіп жүрген жерлестеріміз түгел қатысты.

Жиын барысында аталған өнер қауымдастығын бес жыл басқарған Әбдіғаппар Айдаров сөз алып, өнерпаздардың шығармашылық табыстарына, атқарған жұмыстарына шолу жасап өтті. Сонымен бірге «Сіздермен тонның ішкі бауындай 5 жыл бірге қызмет еттім. Ендігі жерде төрағалықты артымнан еріп келе жатқан інілерге тапсырсам деп отырмын. Өз басым қандай жағдайда болмасын, қызметтеріңе әзірмін» дей келе «Шардаралық өнерпаздар» қауымдастығының төрағалығына белгілі өнерпаз, жыршы-термеші, асаба Аманғали Ниязовтың кандидатурасын ұсынды. Өнерпаздар қауымы бұл ұсынысты бірауыздан қабылдап, Аманғали Жақсыбайұлын төраға етіп сайлады.

Мерекелік жиын барысында сазгерлер мен әншілер жаңа туындыларының тұсауын кессе, ақындар жалынды жырлар оқып, кештің көрігін қыздырды. Шардарада кенжелеп келе жатқан айтыс ұйымдастырылды. Әрбір ауылдық округтің өнерпаздары арнайы сахналық қойылым қойып, өнерлерін көрсетті. Жыл бойы нәтижелі жұмыс атқарған әр сала мамандары «Жыл үздігі» номинациясымен марапатталды. Сұрақ-жауап түрінде қызықты ойындар ұйымдастырылып, аталған кеш мейлінше көтеріңкі көңіл күйде өтті.

Өнерпаздарға алдағы уақыттары да шығармашылық табыс тілейміз.

 

Өз тілшімізден.