Ауған соғысы – Кеңес Одағы кезіндегі қайғылы тарихи оқиғалардың бірі. Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына 35 жыл толып отыр. Осыған орай Қ.Тұрысбеков ауылдық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Отқа оранған он жыл» атты Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті.
Кештің мақсаты – Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, жат жерде көз жұмған жерлес азаматтарды еске алу және жастарға патриоттық тәрбие беру.
Кездесуге өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан интернационалист-жауынгерлер, атап айтқанда аудандық «Ауған соғысы ардагерлер кеңесі» қоғамдық ұйымының төрағасы, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Мырзахан Жұмалиев, Ауған соғысының ардагерлері – Қайрат Оразбеков, Қылыш Сәтпаев, Мырзагелді Жақсылықов, Мұхтар Әшімов, Амангелді Беласаров, Сапархан Әбдәзімов, Маханбет Әлжанбаев, Назархан Таджиев, Мұстафа Байбосыновтар, сонымен бірге ауыл тұрғындары қатысты. Аталған шара ең алдымен Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алумен басталды.
Кештің ашылу салтанатында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов, аудандық мәдениет сарайының директоры Ағабек Дөңбай, ауыл әкімі Аманғани Алтынбековтер сөз алып, кешегі Ауған соғысының қасіреті жайлы әсерлі әңгімелер шертті.
Сонымен қатар Ауған соғысының ардагерлері – Мырзахан Жұмалиев, Қайрат Оразбеков, Қылыш Сәтпаевтар сөз алып, майдандағы кезеңдер туралы әңгіме өрбітті.
Ауған соғысында шардаралық 2 жауынгер ерлікпен қаза тапқан болса, соның бірі – Қ.Тұрысбеков ауылының түлегі Мұхтар Оразбеков болатын. Осынау кеште Мұхтар ағамыздың достары атынан Сапар Абдуллаев сөз алып, батырдың адамгершілік бітім-болмысы жайлы тебірене сыр шертті. Мұхтар ағаның ұстаздары – Мейрамгүл Әбішова, Ұлбосын Тәңірбергеновалар сөз алып, батыр шәкірттерінің сабақта алғыр, зейінді болғанын айтып, мұңайып қалды. Кеш барысында Мұхтар Оразбеков жайлы деректі фильм көрсетіліп, көрермендерді толқытты.
Шара барысында Ауған соғысының ардагерлері Ауғанстандағы әскери қызметтері туралы естеліктерімен бөлісті. Жастар соғыстың маңызы мен мәні жайында көкейтесті сұрақтарын қойып, ардагерлерге арнап патриоттық бағыттағы жырлар оқыды. Ауылдық мәдениет үйінің әншілерінен құралған топ «Қанжардан құтқарған қазақ тілі» атты сахналық қойылымды жоғары дәрежеде орындап шықты. Ауылдық мәдениет үйінің әншісі Ержан Қабылбеков Әбдіғаппар Айдаровтың сөзіне жазылған Әкім Мұсақұловтың «От кешу» әнін жүрекке жылы жеткізіп, әдемі нақышта орындады.
Кеш соңында ұйымдастырушылар ардагерлерге естелік сый-сияпаттар табыстады.
Жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлеріміздің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады!
Аталған іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне ауылдағы Ш.Уәлиханов және А.Әлімбетов атындағы орта мектеп ұстаздары, ауылдық кітапхана ұжымы зор үлес қосқанын да атап өтуіміз керек.
Жиын соңында аудандық «Ауған соғысы ардагерлер кеңесі» қоғамдық ұйымының төрағасы М.Жұмалиев жастарға патриоттық тәрбие беруде еңбек етіп жүрген жауынгерлерге ризашылығын білдіріп, бүгінгі жастар тарихпен мақтануы керектігін, ел үшін ерлік көрсеткен, жанын қиған ардагерлерімізді әрдайым есте сақтау керектігін атап өтті.
М.Досымқызы.