Ауданымызда биылғы жылдың күзгi жиын-терiм науқаны күн өткен сайын қарқын ала бастады.
Айталық ауданда 23704 гектар танапқа шит егiлiп, одан 64423 тонна шиттi мақта жинау жоспарланған болса, қазiрге дейiн 6500 тоннадан астам өнiм жиналып, жоспар 10 пайыздан астам орындалды. Оған Жаушықұм, Алатау батыр және Көксу ауылдық округiнiң мақташылары өзiндiк үлестерiн қосып, “ақ алтын” қырманын биiктетуде. Өнiмдiлiк те көңiл толарлықтай. Жаушықұм ауылының мақташылары 400 тоннадан астам ақ ұлпаны техника күшiмен жинап, мақта терiмi жоспарын 20 пайыздан асырды.
Жыл басынан берi мол жасақталған өнiмдi күзгi жауын-шашынға ұрындырмай жинап алу мақсатында 20645 гектар мақталыққа қозаның жапырағын түсiру үшiн дефоляция жұмыстары жүргiзiлдi.
Ауданымызда күрiш ору науқаны да аяқталып келедi. Егiлген 1350 гектар күрiштiң 1262 гектарының өнiмi жиналып, 8990 тонна күрiш салысы алынды. Гектар өнiмдiлiгi 71,1 центнердi құрады.
Диқан! Күздiң әрбiр күнiн мол өнiмдi жинап алу үшiн тиiмдi пайдаланайық!
Өз тiлшiмiзден.