Биыл Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аудан көлемінде кеңінен тойланды. Сондай мерекелік іс-шараның бірі 6 мамыр күні аудандық прокуратураның үйлестіруімен болып өтті.

Аудан орталығындағы «Тұңғыш Президент» саябағында орналасқан Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне  арналған ескерткіш-алаңда өткен жиынға аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімі, аудандық қорғаныс бөлімі, шекара қызметі әскерлері, әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімі қызметкерлері мен еңбек ардагерлері, Ауған соғысы ардагерлері және қала тұрғындары қатысты. Салтанатты жиын аталған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Айтулы іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков сөз алып, Ұлы Жеңістің қандай ауыр жағдайда келгенін, сол Жеңіске қазақстандықтар, оның ішінде шардаралықтар да зор үлес қосқанын атап өтті.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков те Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен жерлестеріміз жайлы, жеңісті жақындатуға сүбелі үлес қосқан тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектері жайлы айтып өтті.

Осынау іс-шараның бір ерекшелігі – ардагерлерге әскери шатырда түскі ас берілді. Ас барысында Ұлы Отан соғысына қатысқан, бүгінгі таңда арамыздан озған барша соғыс ардагерлерінің рухтарына бағышталып құран оқылды. Сонымен қатар ардагерлер мен жоғарыда аталған бөлімдердің басшылары осынау игі шараның негізгі ұйымдастырушысы болған аудан прокуроры Алмас Әлі бастаған аудандық прокуратура қызметкерлеріне, бір кісідей жұмылған өзге де азаматтарға алғыстарын білдірді.

Іс-шара барысында аудандық мәдениет бөлімінің әншілері әуелете ән салып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

А.АБУБАКИРОВ.