Оқушыларға ұлттық қадір-қасиеттер, имандылық, үлкенді қадірлеу, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету керектігін түсіндіру мақсатында 30 сәуір күні

«Шардара» мектеп-лицейі базасында «Батыр ана», «Мәдениет майталманы», «Әлемнің асылы», «Домалақ ана», «Қазақ Республикасына 100 жыл» мерекелік алтын медалінің, Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл мерекелік медальдерінің иегері, Шардара ауданының құрметті азаматы, бірнеше жыр жинақтарының авторы, ақын, әнші, ауданда алғаш рет құрылған «Ақ әжелер» халықтық ансамблінің негізін қалаушы және жетекшісі, «Әжелер алқасының» құрылғанына 10 жыл толуына орай облыста өткізілген «Аялы әже» форумының «Ең өнерлі әже» номинациясының иегері Жарылқасын Ізбайқызымен «Өнері өмір өрнегіндей асыл әже» атты кездесу кеші жоғары деңгейде өтті.

Көпшіліктің көңілін көтерген, өзгелерге өнеге боларлықтай кешті «Ақ әжелер» халықтық ансамблі әуелете ән салып бастап берді. Кеш барысында мектеп-лицей директоры Ләззат Құлмағанбет, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Мұсахан Мархабаев, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шардара аудандық филиалының төрайымы Бибігүл Көшекеева, аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы «Әжелер алқасының» төрайымы Гүлзахира Исаева, ардагер ұстаз Жаңылай Айдарова, Алатау батыр ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Мариям Ақжар және өзге де қонақтар сөз алып, Жарылқасын Ізбайқызының өміржолына, шығармашылығына кеңінен тоқталып, Батыр ананың өмірі шынында да өзгелерге, әсіресе жас буынға үлкен өнеге екендігін атап өтті. Мектеп оқушылары ақын шығармаларын жатқа оқып, жырсүйер қауымға рухани күш сыйлады.

Сонымен қатар кездесу барысында Жарылқасын Ізбайқызы құрған «Ақ әжелер» халықтық ансамблінің мүшелері әсем әндерден шашу шашты. Кеш иесі де әуелете ән салып, шабыттана жыр оқыды.

Көрермендер аталған кештің жоғары деңгейде өткендігін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп жатты.

Өз тілшімізден.