1969 жылы Шардара ауданының орталығы Абай селосынан Шардара қаласына ауысуына байланысты қалада көптеген мекемелер жаңадан ашылып, олар жаңа қызметкерлермен толықты.
Аудан өмiрiнiң айнасы саналатын аудандық партия комитетi мен еңбекшiлер депутаттары аудандық Кеңесi атқару комитетiнiң органы болып саналатын “Өскен өңiр”, “Возрожденная степь” газеттерi де ендiгi жерде Шардара аудандық баспаханасында беттелiп, таратыла бастады. Байырғы журналист менiң жерлесiм Құттыгүл Сабырованың (жерлес деп айтуымның себебi, бiз Мақталыданбыз, Лесбай Қожаниязов, Омархан Құдайбергенов төртеуiмiз де алғашқы журналистiк жолымызды Киров аудандық “Коммунистiк еңбек” газетiнде бастағанбыз) сөзiмен айтар болсам, үш-төрт журналист болып, атап айтқанда, газет редакторы Қалжан Аққасынов, журналист Жәлел Кеттебековпен бiргелiкте 1969 жылдың қазанында “Өскен өңiр”, “Возрожденная степь” газеттерiнiң шардаралық алғашқы санын аудандық баспаханадан басып шығарған. Кейiннен баспахана мен редакция құрамы жастармен толығып, жасақталған.
Аудандық газет аудан өмiрiмен бiрге қайнасып, оның сол өркендеу жолын жан-жақты көрсетiп келе жатқан бұхаралық информация құралы ғана емес, ең алдымен журналистiк өмiрдi мұрат тұтқан жастың қаламын ұштап, қанатын қатайтқан творчествалық мектеп ретiнде қымбат. Бұл жолдан мен де өттiм.
Жалпы менiң бұл жолды таңдауыма себеп 1972 жылы “Восход” орта мектебiнде оқып жүргенiмде 5 мамыр Журналистер күнi мерекесiнде аудандық “Өскен өңiр” газетiнде ақын Қаныбек Сарыбаевтың “Ақ жол саған – Жаңабай” деген алғы сөзiмен жарияланған бес өлеңiм болды. Кейiннен жиi мақалалар мен өлеңдер жолдап тұратын болдым.
1973 жылы орта мектептi бiтiргеннен соң, жазда, Киров аудандық “Коммунистiк еңбек” газетiне жұмысқа орналастым. Ал күздiң соңында Шардара аудандық ”Өскен өңiр” газетiне ауыстым. Мұнда ақындар Қаныбек Сарыбаев, Санақ Дәкебаев, журналистер Лесбек Қожаниязов, Жәлел Кеттебеков, Мейiрхан Аңламасовтардан журналистиканың қыр-сырын үйрендiм. Редактор Бердуәлi Тұрмаханбетов пен редактордың орынбасары Оңғар Өмiрбековтер көп қамқорлық көрсеттi. Кейiннен қатарымызға Ниятолла Сейданов, Омархан Құдайбергенов және Нұрлан Ыбыраевтар келiп қосылды. Осындай қаламы қарымды журналистермен қатар жүрiп, өз қатарластарымнан ерте есейдiм.
Газет аптасына дүйсенбi, сәрсенбi, жұма күндерi басылып шығатын. Бүгiнгi өткен iс-шара кешке дейiн дайындалып, макетке ендiрiлiп, түнiмен баспаханада басылып, таңертең оқырманның қолына тиетiн. Газеттiң шығатын санына қол қою үшiн түн ортасына дейiн, кейде таң атқанша баспаханада болуымызға тура келетiн. Редакцияның корректорына, баспахананың әрiп терушi, бетқұрастырушы қыздарына, кезекшi журналистке көп мiндет жүктелетiн. Ол кезде редакция, баспахана болып бөлiнбейтiн. Бәрiнiң мақсаты аудандық газеттi уақтылы, мазмұнды, сауатты шығару болатын.
1975 жылдың күзiнде мен әскер қатарына алынып, отандық азаматтық борышымды өтеп, 1977 жылдың соңында келдiм. Редакцияда көптеген өзгерiстер болыпты. Редакторым Бердуәлi Тұрмаханбетов “Оңтүстiк Қазақстан” газетiне, орынбасары Оңғар Өмiрбеков Алматыға, Қазақ радиосына қызметке ауысыпты. Лесбай Қожаниязов баспаханада директор болып қызмет атқарып жүрiп, кенеттен қайтыс болыпты. “Өскен өңiрге” редакторлыққа 1977 жылдың сәуiр айында “Оңтүстiк Қазақстан” газетiнде қызмет атқарған, Алматыдағы Жоғарғы партия мектебiнде оқитын Кәрiм Үкiбаев тағайындалыпты. Орынбасарлығына Мейiрхан Аңламасов бекiтiлiптi. Менiң де отбасылық жағдайыма байланысты Киров ауданына кетуiме тура келдi.
Қазiр сол жылдары бiрге жұмыс атқарғандардан секретар-машинистка Шайзада Сүлейменовамен ғана байланыс жасап тұрамын. Көпшiлiгi қайтыс болып кеттi.
Шайзада алғашқы еңбек жолын 1969 жылы аудандық баспаханада әрiп терушi болып бастаған. Кейiннен 1971 жылы “Өскен өңiр” газетiне секретар-машинистка болып ауысып, 1991 жылға дейiн iстедi. Яғни, Қ.Аққасынов, Б.Тұрмаханбетов, К.Үкiбаев, М.Аңламасов, Ж.Мұханов сынды редакторлармен бiргелiкте жұмыс атқарды.
Газет мақаласын бiрiншi оқитын, қолжазбаны баспа әрiптерiмен қағазға түсiретiн редакция машинисткасының жұмысы күрделi де құрметтi. Ол 20 жыл бойы бұл мiндеттi қалтқысыз атқарды. Диктовка жасаған кездерiмiзде сөзбе-сөз iлесiп, қатесiз жазатын. Тiптi кейде аудандық партия комитетi мен атқару комитетiнде өтiлетiн жиындардың баяндамаларын да басып теруге үлгеретiн. Бұл оның өз iсiн сүйiп атқаратындығының бiр дәлелi. Сол үшiн де басшылықтан алған марапаттары бiр сөреге толғандай. Әрiптесiм Шайзада Сырайылқызымен араласа жүрiп сол кездерде редакцияда жұмыс жасаған Құттыгүл Сабырова, баспаханада әрiп терушi, беттеушi болып iстеген Сайлаукүл Керiмова, Құлпынай Нұртаева, Нина Оржаховская, Надя Ягопфарова, Тасбике Ақбаева, Зағипа Ақбаева және Каримахан Халбаевалардың Шардарада тұрып бақытты ғұмыр кешiп жатқандықтарын бiлдiм.
Алда Қазақстан журналистерiнiң төл мерекесi келе жатыр. Сондықтан Кеңес дәуiрiндегi аудандық газет пен баспахананың ардагер қызметкерлерi атынан аудандық қоғамдық-саяси, ақпараттық, жарнамалық “Өскен өңiр” газетiнiң ұжымын шын жүректен құттықтаймыз. Биылғы жылды жақсы жетiстiктермен қорытындылап, алдағы келе жатқан газеттiң он жылдық мерей тойына тың табыстармен жетулерiңiзге тiлектестiк бiлдiремiз. Қаламдарыңыз ұшталып, жазар жаңалықтарыңыз көп болсын.
Жаңабай Сейдуәлиев.