Биыл еліміз бойынша 1 тамыз бен 20 қазан аралығында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтетінін бұдан бұрын да хабарлағанбыз. Жуырда осы мәселеге орай аудан әкімінің орынбасары Жұмасұлтан Бердешовтің төрағалығымен БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Шардара аудандық статистика басқармасының басшысы Сапархан Дүйсенов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Гүлзиба Домбаева қатысты.

«Санақ жүргізу және оның мерзімдері" туралы шешімді Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылдады. Оны өткізу мерзімі ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын және ауыл шаруашылығы жылының қорытындылары бойынша өзекті деректерді алу қажеттілігін ескере отырып таңдалған.

Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының (БҰҰ) халықаралық ұсыныстарына сәйкес, ауылшаруашылығы санағы әр бес-он жыл сайын жүргізілуі керек. Бірақ Қазақстанда санақтың бұл түрі 2006-2007 жылдары ғана жүргізілді. Содан бері үлкен үзіліс болды. Ол кезде ауыл шаруашылық санағы екі кезеңде – өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы бойынша жүргізілді. 2025 жылы барлығы бір мезетте өтеді», – деді Ж.Бердешов.

Аудан әкімінің орынбасары Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізу екі кезеңнен тұратынын, бірінші кезең дайындық кезеңі 1-30 маусым аралығында жүргізілгенін атап өтті. Сонымен қатар екінші негізгі кезең 1 тамыз бен 20 қазан аралығын қамтитынын атап көрсетті. Негізгі кезеңде санақ жұмысы онлайн және офлайн жүргізіледі екен.

Мұнан соң аудандық статистика басқармасының басшысы аталған шараға орай жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды. 

«Алдымен 1-нен 31-ші тамыз аралығында sanaq.gov.kz. сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Бүгінде сайт санақ жұмысымен танысу үшін жұмыс істеп тұр. Заңды тұлғалар, фермерлер, үй шаруашылықтары – барлығы порталдағы санақ парақтарын қашықтан өз бетінше толтыра алады. Бұл әдіс өте ыңғайлы, сонымен қатар деректерді жинаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Санақтан онлайн түрде  өтуді ыңғайлы қылу үшін жергілікті әкімдіктер мен аудандық (қалалық) статистика бөлімдерінің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылады.

Егер респонденттің сауалнама парағын толтыру кезінде қандай да сұрақтары туындаса, арнайы дайындалған жасанды интеллект арқылы жауап беретін sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне жүгіне алады.

Сондай-ақ 1446 нөмірі бойынша бюроның байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңыраулар сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін, ал онлайн-сауалнама басталған кезеңде – тәулік бойы, аптасына жеті күн қабылданады» – дейді С.Дүйсенов.

Жиын барысында БАҚ өкілдері өзге де сауалдарға тұщымды жауаптар алды.

Айдар Әбубәкіров.