Ұзын ата жалпы білім беретін мектебінің үш бірдей оқушысы «Ауыл олимпиадасының» облыстық кезеңінде жоғары нәтиже көрсетіп, республикалық кезеңге жолдама жеңіп алды.

Атап айтқанда, гуманитарлық бағыт бойынша құқық пәнінен 11 сынып оқушысы Асан Жансая Қуанышқызы мен 10  сынып оқушысы Жақсылық Інжу Рысбекқызы, сондай-ақ, жаратылыстану бағытында физика пәнінен 11 сынып оқушысы Сағындық Айдана Досымқызы облыс намысын республикалық деңгейде қорғау мүмкіндігіне ие болды.

Бұл – мектеп ұжымының, ұстаздар қауымының және білімге құштар шәкірттердің ортақ еңбегі мен табанды ізденісінің нәтижесі. Республикалық кезеңде 10 сынып оқушысы Жақсылық Інжу Рысбекқызы құқық пәнінен білімін көрсетіп, жүлделі III орынды иеленді және Шардара ауданы мен Ұзын ата мектебінің мерейін үстем етті. Ауыл мектебінен шыққан шәкірттің еліміздің ең үздік оқушыларымен тең дәрежеде білім бәсекесіне түсіп, жүлдемен оралуы – үлкен мақтаныш. Ал, жаратылыстану бағыты бойынша физика пәнінен жолдама алған Сағындық Айдана Досымқызы алдағы республикалық кезеңге аттанып, өз білімін көрсететін болады. Шәкірттердің бұл жетістігі – тынымсыз дайындық пен пән мұғалімдерінің кәсіби шеберлігінің айғағы.

Жүлдегер шәкіртіміз Інжуді шын жүректен құттықтай отырып, алдағы республикалық кезеңге баратын Айданаға сәттілік тілейміз! Биік белестерді бағындырып, ел мерейін өсіре беретін білімді жастардың қатары көбейе берсін.

 Дархан Дүйсенов, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.