Бейсенбек Бибосынов...
Бұл есiм әнсүйер қауымға етене таныс есiм. Бейсенбек елдi елең еткiзердей аса зор дауысымен құйқылжыта ән салғанда тыңдарман көпшiлiк «апыр-ай, ә» – деп тамсанар едi. Талантты ұлдың өнерiне ерiксiз риза болып, ықыластана қол соғушы едi. Ия, ендiгi жерде Бейсенбек туралы тек өткен шақпен әңгiме өрбiтетiнiмiз өкiнiштi-ақ.
Қазiргi таңда шағалалы өлкеден ән оздырған Бейсенбектi еске алу шаралары өтуде.
27 қыркүйек күнi ҚР Мәдениет қайраткерi, әншi жерлесiмiз Бейсенбек Бибосынов атындағы I облыстық «Халық әнi – қазынам» атты халық және дәстүрлi әндер байқауы өттi. Ән байқауы басталар тұста кеш қонақтары Б.Бибосыновтың шаңырағында болып, өмiрден өткен әншiнiң әруғына құран бағыштады. Осы күнi аудандық саз мектебiнде Б.Бибосынов атындағы сынып ашылып, қонақтар келешекте Бейсенбектей дара дарындар даярланатын сынып жұмыстарымен танысты.
Шардара аудандық мәдениет сарайында өткен байқауға аудандардан барлығы 15 үмiткер қатысты. Байқауға ҚР мәдениет қайраткерi, облыстық «Түркiстан сарайы» концерттiк ұйымы» МКҚК директоры Нұрлан Әдiлханов (қазылар алқасының төрағасы), облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының әдiскерi Гүлнар Садуақасова, ҚР мәдениет қайраткерi, дәстүрлi әншi, Халық әртiсi Ғарифолла Құрманғалиевтiң шәкiртi Хадиша Мұсабекова, ҚР мәдениет қайраткерi сазгер, әншi Болат Оразымбетов, ҚР мәдениет қайраткерi, аудандық саз мектебiнiң директоры Әсия Жораевалар қазылық еттi.
Байқауға қатысқан 15 әншi өз кезектерiнде өте жоғары өнер көрсеттi. Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлденi Отырар ауданынан келген өнерпаз Шоқан Теңлiбаев иелендi. Жүлделi I орынға жерлесiмiз Аймекен Шалабай лайық деп танылды. Төле би ауданынан келген Жалғас Мүсiр мен қазығұрттық Әйгерiм Орынбасарлар II орынды иемденсе, түлкiбастық Дiнмұхаммед Нысан, Түркiстан қаласынан келген Қожахмет Аманбаев, созақтық Талғат Жайылхандар III орындарды иелендi. Сонымен бiрге Мақтаарал ауданынан Кәмшат Тұрабекова облыстық мәдениет және тiлдердi дамыту басқармасының арнайы жүлдесiн, жетiсайлық Нұрболат Маменов Шардара ауданы әкiмiнiң арнайы жүлдесiн, Сарыағаш ауданынан Бекзат Есалы аудандық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң арнайы жүлдесiн, Келес ауданынан Бибол Ғаппар Әмiре Қашаубаев атындағы жүлденi, бәйдiбектiк Рахат Аман Ғарифолла Құрманғалиев атындағы жүлденi, шардаралық Ақерке Мамыр Манарбек Ержанов атындағы жүлденi, шымкенттiк Аружан Жұпарбекқызы Күләш Байсейiтова атындағы жүлденi, Сайрам ауданынан Толғанай Алпысбай Бейсенбек Бибосынов атындағы жүлденi иелендi.
Өз тiлшiмiзден.